Облыста өнерлілер аз емес. Атақты әнші де, биші де Сыр өңірінің тумасы. Оған дәлел іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, «Super Star» бағдарламасы талай қызылордалықтардың бағын ашты. Бүгінде олар үлкен танымалдылыққа ие. Осындай өнерлі жастарды үлкен сахнаға жетелейтін жобалар саны күн санап артып келеді. Жұлдыздардың бағын жандыратын осы байқаулар. Жақында облыстық «Qyzylorda» телеарнасы «Таңшолпан» телебайқауын өткізді. Дәстүрлі телебайқау «Балалар жылы» аясында жалғасын тапты.

«Таңшолпан» телебайқауының тарихы 1996 жылдан бастау алады. Танымал әншілер Гүлхан Сіргебаева, Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаев, Тахауи Рахметов осы байқаудан түлеп ұшқан. Араға жылдар салып, былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бағдарлама қайта экранға шығып, жалғасын тапты. Биылғы байқаудың ерекшелігі екі жанрда өтті. Ән және би жанры. Балалар жас ерекшеліктері бойынша бақ сынады.

– Облыс бойынша бағдар­ламаның іріктелуіне 500-ге жуық бала қатысып, оның ішінде 64-і жартылай финалға өтті. Бұл ән жанры бойынша. Ал би жанрынан 28 би тобы жартылай финалға өтіп, өнер көрсетті. Осы 64 қатысушының ішінен іріктеліп, таңдалып, үздік деп сараланған конкурсанттар ақтық кезеңге өтті. Ақтық кезең ән жанры бойынша екі турдан тұрды. І, ІІ тур супер финал. Ән жанры бойынша өнер көрсеткен 28 қатысушының ішінен 17-сі суперфиналға өтті. Би жанры бойынша 28-дің 17-сі жартылай финалдан өтті. Оның 9-ы жүлделі орындарға ие болды. Бұл жерде екі бағыт бойынша жүлделі орындар тағайындалды. Мәселен, 12-15 жас, 16-18 жас мөлшеріндегі жасөспірімдер сайысқа түсті. Байқаудың басты талаптары – қазақ және әлем композиторларының әнін орындау, әлемдік хиттерді шырқау. Би жанры бойынша басты талап – заманауи биді орындау, – деді «Таңшолпан» телебайқауының продюсері Әсия Нұрлыбайқызы.

Ән жанры бойынша Қарақат Базарбай гран при иеленді. І орынға Батыржан Амангелдиев пен Саят Сарманбек лайықты деп танылды. Қазылар алқасының шешімімен Медет Бақытұлы мен Сәуле Қайып жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Ал ІІІ орынды Ескендір Ералы, Айсұлу Рахатова, Нұрдос Досболов, Жанерке Мүсілімова иеленді. Сондай-ақ «Әлемдік әнді жақсы орындағаны үшін» номинациясымен Аруназ Сағынтай, «Ерекше артистік қабілеті үшін» Нұрсардар Нұрдулла, «Көрермен көзайымы» Ақбота Серікқызы, «Үміт» номинациясымен Ерқанат Қалмен марапатталды.

Облыстық байқауға Рамазан Тайманов, Ғалым Елубаев, Сәбит Лұқпанұлы, Гауһар Бисекенова, Руслан Садықов секілді танымал тұлғалар жетекшілік етті. Әр ауданнан келген қатысушылар өз өнерін көрсетіп, ақтық сынға жолдама алды. Барлығының жеңімпаз болмайтыны анық. Десе де жүзден жүйріктер іріктелді. Солардың бірі ән жанры бойынша гран при иегері– Қарақат Базарбай.

– Конкурс жайлы ең бірінші жетекшімнен естідім. Қатысуға деген ықыласым жоғары болды. Өнер көрсетіп, бас жүлдені иеленемін деген ой болған жоқ. Десе де ата-анамның, достарымның маған деген сенімі жеңіс тұғырынан көрінуге сеп болды. Жеңімпаздарды жариялап жатқан кездегі қуанышым, ата-ана, ұстаз үмітін ақтағанымды жүрекпен сезінген сәтім ерекше болды. Байқау әділ өтті. Өнерімді жоғары бағалап, маған дауыс берген қазылар алқасына алғыс білдіремін. Телебайқау өткізіледі дегенді бір ай бұрын естідім, сол уақыттан бастап қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Күн-түн демей дайындалып, өзімді шыңдай бердім. Жетекшім – Бағдагүл Есмұрзаева. Ол кісі маған барлық жағынан  көмектесіп, қолдады. Іріктеуді қосқанда барлығы 4 турдан өттік. Олар – іріктеу, жартылай финал, финал, суперфинал, – дейді №3 IT мектептің оқушысы Қарақат Базарбай.

Би жанрына келер болсақ, гран приді «Арайлым» би тобы иеленді. Өнер додасында бақ сынаған «Aqmaral» би студиясымен «Сыр гүлі» би тобы І орын иеленді. ІІ орынды «Алтын арай», «Час Пик» би топтары, «Реверанс» би ансамблі қанжығасына байлады. ІІІ орынды «Samruk dans», «Алтын алаң», «Ақтолқын», «Жұлдызай» би тобы еншіледі. Сондай-ақ «Реверанс» би тобы (12-15 жас)  «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды.

Телебайқаудың мақсаты – облыстың түкпір-түкпірінен келген талапкерлердің өнерін қолдау, қарым-қабілетін байқап, шығармашылығын шыңдау. Қазылар алқасының төрайымы Перуза Арғынбаева қатысушылардың жылдан-жылға көбейіп келетіндігін алға тартты. «Конкурстың аты – конкурс. Барлығы өзінің қолынан келгенін жасады. Заманауи, эстрадалық әндердің өзінің мәнерінде, ерекше орындалуына қарай бағаладық. Барлық елді-мекеннің балаларын шығаруға тырыстық, бізде өнерлі балалар көп», – дейді байқаудың көркемдік жетекшісі.

Шығармашылық жастарды шыңдау мақсатында көптеген мегажобалар өткізілуде. Оның ішінен іріктелген жастар республикада өнерін жандандырып, Сыр елін паш етуде. Мықтыдан кіл мықты іріктелген байқау алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз. Әр қатысушының көңіл-күйі ерекше. Бұл жобаға ықылас білдіріп, ризашылық танытып жатқандары да қаншама. Таланттарды танытып жатқан «Таңшолпан» телебайқауының жеңімпаздарын құттықтаймыз!

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!