Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы аталған саланың аяқалысына тікелей байланысты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ел басшысының қолдауымен құрылыс саласының дамуына жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы кеңге қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейді.
Сала жауаптыларының мәліметінше, 2025 жылға дейінгі құрылыс индустриясын егжей-тегжейлі жүзеге асыру бойынша Жол картасына 157 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, жоспарланған барлық жобаларды қисынды қорытындыға жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар өңір мен облыстар деңгейінде құрылыс материалдарына деген қажеттілікті толық қамтуды қамтамасыз ету маңызды болып отыр.
Әрине, құрылыс материалдарынан бұрын аталған саланың сан түрлі бағытындағы мамандардың білімі мен біліктілігі алғашқы орында. Шын шебер, білікті маман сайыстарда сыналады. 14 тамыз – құрылысшылар күні қарсаңында қалалық «Qosyl» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас құрылысшылар арасында «тас қалаушылар» байқауы өткізілді. Тартысты сынға жастар санатындағы 16 тас қалаушы қатысып, қазылар шешімімен Нұрдәулет Жолмахан жеңімпаз атанды. Жеңімпаз Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» жастар сыйлығын иемденді. Сонымен қатар жүлдеге 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық та табысталды.
«Құрылыс саласының мамандары арасындағы мұндай байқаулар жиі ұйымдастырыла бермейді. Сондықтан жас мамандар үшін осы типтес жобалардың орны ерекше. Тас қалаушы болу – қаланың, мемлекеттің экономикасына, болашағына үлес қосумен тең. Сенің қолыңнан шыққан мектепте мыңдаған бала білім алып шықса, ғимараты бой көтерер уақытта сен тас қалаған емханада қаншама қарт пен науқастар ем алса, үлкен мәртебе. Осындай сәтте еңбегіңнің ақталғанын, қоғамға да, адамға да пайдалы дүниені жасап жүргеніңді сезінесің. Бұдан артық бақыт жоқ.
Құрылысшылар күніне орай ұйымдастырылған байқаудың бір ұғындырғаны да осы. Тек атаулы датада ғана емес, әр күн сайын сала мамандарының еңбегін елеп, қызметін бағалап жүрейік», – дейді Нұрдәулет Жолмахан.
Айта кетейік, өткен жылы мемлекет экономикасында нақты сектордағы ең жоғары өсімді құрылыс саласы көрсетті – 12.5%. Мұндай нәтижеге негізгі капиталға жұмсалатын инвестицияның артқандығы, бірқатар құрылыс жобаларының тұрғын үй саласына берілуі және бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқандығы арқасында қол жеткізілгенін атап өту керек. Баянды болашақтың іргетасын сапасы сын көтеретін, саналы, сауатты ұрпақ өмір сүретін, жайлы, жаңа үйлер мен ғимараттарды салу арқылы қалап жүрген тас қалаушылардың еңбегі тасада қалып кетпесін деген тілек қана бар…
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!