Технология күн санап қарыштап дамыған уақытта ақпараттық технологияларды қолға алу, оны дамыту өзге мемлекеттерде жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Қазақстандықтар да бұл саланы меңгерген. Кәсібилігімен әлемге танылған IT-майталмандар бар.
Жақында қызылордалық IT мамандар Ташкентке сапар шекті. Көпшілікке есімі таныс маман Алмат Қуанышбаев бастаған топ Өзбекстан астанасы –Ташкентте тәжірибе алмасты. Оның ішінде бұл салада жетістікке жеткен, біршама жобалардың авторы болған оқушылар қамтылған. Сондай-ақ IT маман, «Компас» жобасының құрылтайшысы Әсетхан Баймұрза да бар. Оның бағдарламалау мектебінің құрылтайшысы ретінде сапарды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында егжей-тегжейлі ақпараттандырып отырғаны қуантады.
Сапарға келсек. Қос ел арасындағы байланыс бұған дейін де жүйелі. Іс-сапар барысында келісім әрі қарай күшейіп, ақпарат алмасу үлкен нәтиже берді. Өзбекстанда ашылған ІТ мектепте оқушылар теледидар, телефон секілді құралдарды құрастыруды меңгеріп келеді екен. Қызылордадан барған оқушылар да тың мәліметке қанық болып, IT салаға қатысты барлық технологияларды көзбен көрді.
– Бұл тиімді сапар болды. Біз ІТ мектебін аралап, таныстық. Іші өте әдемі, мықты технологиялар қойылған. Мұнда да бұл салаға қызығушылық танытатын оқушылар көп. Біз екі елмен келісім шарт жасастық. Алмат Қуанышбаев көпжылдық тәжірибесін тарқатты. «Компас» жобасына келер болсақ, жобаның негізгі мақсаты – 9,10,11 сынып оқушыларына жаңа мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру. Бұл сапарда оқушылар ғана қамтылды, алдағы уақытта ұстаздарды да қатыстыру жоспарда бар. Өзбекстанның IT паркімен бірлесіп жобаны қолға алу, оны жүзеге асыруда үлкен мән жатыр, – дейді Әсетхан.
Түлектердің көбі осы салаға басымдық береді. Себебі жаңа технологияны игеруге, тың дүниені үйренуге құмар. Бұл – қуанышты жаңалық. Айта кетейік, облыстық «Жастар ресурстық орталығындағы» ІТ-паркте мектеп оқушыларын жиі кездестіруге болады. Олар мұнда білмегенін үйренуді мақсат етеді. Бұл тұста ІТ-парктың үлесі айтарлықтай. Оның үстіне орталықтағы IT мамандар карантин кезінде ерекше жобаны қолға алған еді. Тұрғындар істен шыққан компьютерлік құрылғыларды өткізді, мамандар оларды жаңартып, компьютерге мұқтаж отбасыларға табыстады. Бұл жоба қазір де жүзеге асуда және көпке пайдасы тиіп жатыр. Бұған қоса біршама жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ІТ-парк жастардың стартап-жобаларын әзірлейтін алаңға айналды. Жастар мұнда жобаларын жүзеге асыру үшін инвестор тарта алады. Осының арқасында облыста жаңа технологиялардың сырын түсіне білетін жаңа буынның қатары арта түсті.
– Әлем сандық ақпараттар ағымымен ілгері жылжып келеді, яғни IT саласының маманынсыз болашағымызды елестету мүмкін емес. Болжамдарға сүйенсек, 2030 жылға қарай бірнеше жаңа мамандықтар қалыптасады әрі барлығы технологиямен тығыз байланыста болады. IT саласы бойынша білім алушылар саны артып жатыр. Сәйкесінше, бәсекелестер қатары да көбеймек, – дейді Әсетхан.
IT мамандар – кез келген мемлекеттің дамытатын бірден-бір күш. Біріншіден, ақпараттық технология маманының сапасы елдің цифрлық экономикасын алға жылжытуға әсер етеді. Екіншіден, олар елдің инновациялық әрі технологиялық потенциалын арттырып, өмір сапасын жақсартады. Үшіншіден, халыққа көрсетілетін қызметтердің деңгейі жоғарылайды. Болашақта мемлекеттер арасындағы бәсеке халықтың компьютер сауатымен, жаңа технологияны енгізу қарқынымен өлшенеді. Цифрлық экономика қай деңгейде болса да, IT-мамандарға сұраныс азаймайды. Жас түлектердің ІТ-ға қызығушылығы заман ағымымен келеді. Себебі кез келген өзге маман иесіне технология тілін түсіну – аса маңызды.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!