Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
«Келе ғой, қошақаным, өзіме!» деп
Әжем кеп сипағандай шашымнан жай, – деген өлең жолдары текеметте талай сырдың тұнып тұрғанын айшықтайды. Көз майын тауысып көрпе көктейтін жандар үшін текемет пен сырмақтың сәнін келтіру қиын емес. Бейнеленген оюда қазақы болмыс қабысып, терең тарихымыз қиысып жатыр. Көздің жауын алатын текеметтен әдемілікпен қатар төгілген тер, ұшан-теңіз еңбекті байқауға болады. Себебі шеберлер бұл іске шындап кіріседі. Кілем жыл өтсе тозып кетеді. Ал сырмақ сетінемек түгілі сапасын жоғалтпайды. Сондықтан Айнұр Батырханова көненің көзіндей болған мұраға жаңа леп беріп, тауарды нарыққа шығаруда.
Ұлттық құндылық ұмыт болмасын
Бала күнімізде әжеміз бен анамыздың қазан қайнатып, жүнді бояп, киіз басып отырғанын көріп өстік. Қазір қаланы қойып, ауылда киіз басып, сырмақ тігетін адам қалмай барады. Сол үшін және өсіп келе жатқан жастарға ата-бабамыздан қалған асыл мұрамызды таныту мақсатында текемет-сырмақты тігуді бастадық. Осыдан 5 жыл бұрын осы идея келді. Сырмақ пен текеметті енді тігіп бастаған кезде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универси¬тетінде өнер саласы бойынша білім алған құрбым Самал да қызығушылық танытты. Сөйтіп, кәсібімізді бірге бастадық. Мен де Т.Жүргенов атындағы Өнер академия¬сының монументалды кескiндеме фа¬культетін бітіргенмін. Басқа шетелдерде кескіндеме өнерінің дамығанын көрдік. Сондан «неге ұлттық қолөнерімізді дамытпасқа?» деп сырмақ тігуді бастадық.
Өнер сыры – өрнекте
Текемет пен сырмақты дайындағанда ешқандай дизайнердің көмегіне жүгінбейміз. Өнер академиясын бітіргендіктен, мамандығым суретші болғандықтан, оюды ою, түс таңдау және жүнді қалаған түске бояу процестерін өзім істеймін. Барлық дизайн жанымның бір бөлшегі сияқты. Ең жиі қолданатын оюымыз – қошқармүйіз. Бұл ою қазақ халқының символына айналып кеткен. Мысалы, көрші қырғыз халқы көбінесе елікке ұқсас оюларды қолданады. Ал қазақтар қошқармүйізді оюды пайдаланған. Әр оюдың өзіндік сыры болады. Біреуі көз тиюден қорғаса, екіншісі шаңыраққа байлық пен дәулет әкеледі.
Текемет жасау технологиясы
Сырмақ жасау үшін, ең бірінші, жүнді түрлі түсті бояумен бояймыз. Содан кейін бір түсті жүнді жайып, одан киіз басамыз. Киіз дайын болғаннан кейін одан ою оямыз. Екі түстен ою ойсақ оны бір-біріне кіргізіп, оюды ойсыратамыз. Мысалы, бір киізді аққа, екіншісіз қызылға бояп, ою ойғаннан кейін екеуінің киізінің орнын ауыстырамыз. Мұны оюды «ойсырату» дейді. Осыдан кейін біріккен екі түсті оюды тігеміз. Бұл «жөрмеу» деп аталады. Тігіс көрінбес үшін оюдың ортасына қайырылып жасалған жіпті қайта тігеміз. Мұны «жиек басу» деп атайды. Соңында осылардың арасын көктеп тігіп шығады. Мұны «сырмақ сыру» дейді. Сырып тіккендіктен де қолөнер сырмақ деп аталады. Ал текемет жасау үшін боялған жүнді жайып аламыз да, оны шала күйінде илейміз. Мұны «талдырма» деп атайды. Кейін осы талдырмадан ою ойып, басқа түстегі жайылған жүннің үстіне қойып, қайта басамыз. Ешқандай ине мен жіп пай-даланбаймыз. Тігусіз болғандықтан «текемет» деп аталады.
Шетелдіктер ерекше
қызығушылық танытады
Қолөнер болғандықтан сырмақ пен текеметтің бағасы жоғары. Өйткені 2х3 метр бір сырмақ жасау үшін 5-6 шебер бір ай жұмыс істейді. Соншама еңбек еткен¬діктен де сырмақтың бағасы арзан бол¬майды. Көп адам сырмақты базардағы кілем¬нің бағасымен салыстырып, қым¬бат-сынады. Бірақ қолдан шыққан бұйым болғаннан кейін еңбекті біз де арзанға сата алмаймыз. Бірақ қазір сырмақтың қадірін түсініп, сұраныс білдіретіндер саны артып келеді. Әсіресе, шетелдіктер сырмақ пен текеметті ерекше бағалайды. Соңғы кезде сырмақты қыз жасауына қосатындар да көбейді. Сосын үйлеріне арнайы қазақи бөлме жасайтындар да сырмақ алады. Студья мен үйдің ин¬терьеріне арнайы эффект беру үшін де тапсырыс беретіндер бар.
Қытай елінде халықаралық «Табиғи кілемдер» көрмесіне қатыстық. Ол жерде қолдан таза жібектен тоқылған кілемдер көрсетілді. Иран, Үндістан, Ауғанстан, Германия, Өзбекстан сияқты көптеген елден қолөнер шеберлері келіп қатысты. Біз текемет-сырмақты апарғандықтан бәрі бізге ерекше назар аударды. Өйткені басқа елдер тоқылған кілемдерді әкелді. Біз сияқты киіз басып сырмақ апарған ешкім болмады. Оюларымыз да басқа кілемдерге қарағанда ерекше көзге түсті. Шетелдіктер біздің қолөнерімізге таңыр¬қай қарады және жақсы қабылдады. Қазір әлем халқы «мынау иранның кілемі екен» деп бірден таниды ғой. Сол сияқты бола-шақта қазақтың сырмақ пен текеметін бүкіл әлем таныса деген ойымыз бар. Сондай-ақ текемет-сырмақты Италияға, Ауғанстанға, Өзбекстанға түрлі көрме¬лерге апарып жүрміз.
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!