Бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен ұялы телефон операторлары сымсыз байланыстың сергек сипаты саналады. Ал ондай өренің жемісін жете тану үшін ақыл, іскерлік, шеберлік, тәжірибе тәлімі мүмкіндік береді. Біздің кейіпкерде табиғат тарту еткен таным бар. Табиғаттың тартуына терең бойлау үшін Қыдырбек көп уақыт жұмсаған. Жақында ұялы телефонның ақауын әп-сәтте реттейтін маманның қызметімен танысып қайттық.
Мектеп бітірісімен тіршілігін түгендеген Қыдырбек 2014 жылы қаладағы«Жайна» сауда дүкеніндегі телефон жөндеу орталығына тап болады. Әу баста мықты маман саналатын ұсталар бозбаланы қалың топқа қоса қоймаған. Жеті күн жүріп, Қыдырбектің қолына жалғыз телефон тиеді. Смартфонды қуаттайтын тетігін алмастыруға бір күндік жұмысын арнаған жас маман алғашқы еңбекақысын ұмытқан емес. Адал еңбекпен тапқандағы жалақысы – 1500 теңге. Маңдай термен тапқан қаржы Қыдырбектің алға жылжуына септігін тигізсе керек. Былайша айтсақ, телефон қуаттайтын қызметті ауыстыру ең жеңіл жұмыс саналады екен. Дегенмен жас маман әу баста ақауын табуға ниеттініп, 5 смартфонды істен шығарып, иелеріне жаңа телефон алып беруге мәжбүр болған. Тәжірибесі тоғысып, шаһардағы үздік маман болған Қыдырбек ең алғашқы қызметін тебіреніспен еске алады.
8 жыл ішінде 15 мыңнан аса телефонды қалыпқа келтірген маманнан смартфон таңдауда нені аңғарған жөн деп сұрау салдық. Ойланбастан ең әуелі бөлшегі табылатын телефон ұстауға кеңес берді. «Телефон дегеніңіз автокөлік секілді. Бөлшегі табылса іске асады, табылмаса қоқыс жәшігіне тастауға тура келеді. Мейлінше іphone, samsung, huawei-ден артығы жоқ. Мысалы, қазір заманына қарай телефон модельдері көбейді. Lenova, pocophone, realmi, redmi сынды смартфондар қызу сатылымда. Бірақ аталған маркалардан ақау шықса, жөндетуге әуре болмаған жөн. Өйткені нарықта бөлшектері жоқ. Сондықтан телефон таңдауда мұқият болған жөн» деп кеңес берді ол.
Әңгіме барысында Қыдырбектің қызметі де қызып барады. Келушілер қатары көп, қалың топтың арасынан сұрағымызға да жауап беріп үлгеруде. Диалог арасында ең жиі бұзылатын смартфонды сұрап алдық. «Менің пайымдауымша ең жиі бұзылатын – samsung. Өйткені осы уақытқа дейін 15 мыңнан аса телефонды жөндеуден өткіздім. Соның тең жартысынан көбі – samsung. Бірақ samsung-тың бөлшегі көп. Кез келген механизміне бөлшек табылады. Әйтеуір іске асады. Ал іphone-да айклауд деген мәселе бар. Егер блокқа түссе, жаңа телефон сатып алуға тура келеді.Істен шыға қоймайтын huawei-дың өз кемшілігі бар. 2020 жылдан бастап huawei play market-пен келісім шартын тоқтатып, мәзірін әлсіретіп алды. Жалпы телефонның ең жиі істен шығатын бөлшегі – экран, платасы, телефон қуаттайтын бөлшегі. Ең қымбат экран samsungS 20-қа тиесілі. Экранның құны – 195 мың теңге. Оған ауыстыру қызметін қосыңыз. Міне телефонның осындай құдіреті бар», – деп жауап қатты.
Қыдырбек қызметінен ләззат алады. Өзінің білгенін өзгеге үйреткісі келетінін әңгімесінен байқадық. «Бізде техникалық колледждердің түр-түрі бар. Бірақ сол оқу орындарында ұялы телефон жөндеуге машықтайтын маман мен мамандық жоқ. Бұл да кәсіптің бір түрі. Үйренген, білген адам жерде қалмасы анық. Өйткені бір отбасының өзінде 5-6 смарфон бар. Қызылорда қаласында 350 мың тұрғын тұрса, соның 300 мыңы ұялы телефонды пайдаланады. Соның тең жартысы бұзылады емес пе?! Оған «Жайна» мен «Отырар» сауда үйіндегі 30 маман жеткіліксіз. Білікті ұсталар қатарға қосылса қызмет те артады. Бәсекелістік артады. Мысалы, өзімде үйреткім келеді. Қажетті құрал жабдықтардың барлығы бар. Сол себепті оқу орындарына осындай ұсынысым бар», – дейді білікті маман.
Ерасыл ШӘРІБЕК,
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!