Қызылордадағы «Ten kogam» орталығында «Жүрегім жыр жырлайды» атты поэзия кеші өтті. Жыр кешін «Қарапайым заттар әсері» жобасын іске асыру аясында «Альтаир-Бобек» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Шараға өмірлік қиын жағдайда жүрген, тәрбиеленуде мүгедек балалары бар немесе өздері мүмкіндігі шектеулі көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларының арасынан шыққан жандар қатысты. Кеште ақындардың өнері таныстырылып, өмірге құштар жандардың ерік-жігері насихатталды.
Оған Кенже Маханбетова, Зәуре Өксімбаева, Ақылбай Аханов, Гүлсім Абиловалар арнайы шақырылып, өлең сүйер оқырмандармен кездесті. Поэзияны жанына серік еткен бұл ақындар бірнеше кітаптың авторы, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері.
Жыр кешіне қатысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова кешті ашып, ақындардың шығармашылығына табыс тіледі.
«Өздеріңізге белгілі қаламызда әлеуметтік осал топтарға арналған «Ten kogam» қолдау орталығы ашылған болатын. Бұл жерде түрлі мерекелік шаралар мен байқаулар ұйымдастырылып қана қоймай, құқықтық, психологиялық кеңес беріледі. Бүгін «Жүрегім жыр жырлайды» атты ақындар кездесуін ұйымдастырып жатырмыз. Ақындардың шығармашылығын насихаттап, сұхбаттасу мақсатында бас қостық. Кездесуге арнайы шақырылған қонақтардан бөлек 40-қа жуық көрермен қатысып, ой-пікірлерімен бөлісіп, рухани кеш болды. Орталықтың мақсаты да сол ғой. Тағдырлас жандардың ойын жақсы арнаға бұрып, қоғамда олардың да орны ерекше екенін түсіндіру. Біз жұмысымызды алдағы жоспарларымызға сай жалғастыра беретін боламыз», – дейді «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!