Қоғам және адам бар жерде, түрлі мәселелердің туындайтыны ақиқат. Қылмыс та сол адамның қолымен жасалады. Бұл ретте тәртіп сақшыларының еңбегі еленуге тұрарлық. Полицияның сан-салалы қызметінің ішінде де мамандардың атқаратын түрлі міндеттері бар. Мәселен, қылмыс болған орынға бару, қылмысты ашуға атсалысу, қылмыскерлерді тергеу, сот процесіне қатысу сияқты нәрселер адам жүрегіне салмақ түсіреді. Түрлі адамдармен сөйлесіп, түрлі мінез көрсетуге тура келеді. Мұндайда Асылбек Бексейітов алдына жан салмайды.

Қылмыс ашудың да өзіндік құпиясы мен тәртібі бар. Дегенмен қызмет бабында полицейлерге орынсыз дүрлігіп қоңырау шалатындар да кездеседі екен. Қоңырау түскен мезетте түн демей, күн демей полицейлер сол жерге жетуге тиіс. Мәселен, отбасылық жанжал, екі адамның төбелесі, ұрлық, адам өлімі, т.б. Күдіктілер қолға түскенімен, әу баста өзіне тағылған айыпты мойындамай, жауаптан жалтарып кете беретін сәттер де болады. Мұндайда тәжірибелі тергеушінің өзі тығырыққа тіреліп, іс толық ашылмай қалуы мүмкін. Бүкіл қазақ жұртшылығын дүрліктірген атышулы Гарант 24 ломбард қызметіне байланысты іске бастан-аяқ қатысып,қылмыстық кодекстің 217 бабының 3-інші тармағының 2 бөлігіне сәйкес алаяқтарды құрыққа түсіріп, әрқайсысына айыбын арқалатқан Қызылорда облыстық Полиция департаментінің Тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция майоры Асылбек Бексейітов есімі елге жақсы таныс.

Тергеу саласында 10 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан білікті маман осы уақытқа дейін бірнеше қылмысты әшкереледі. Соның ішінде әлі күнге дейін Асылбектың жадынан кетпейтіні Гарант 24 ломбардының алаяқтығы. Полиция майоры қаржылық пирамида ретінде құралған қылмыстық топқа қатысты тергеу ісін аяқтап, Ақтөбедегі сотқа жіберді.

– Адамның бәрі бірдей емес. Кейде қомақты ақша жоғалды, тонап кетті деген желеумен шақырып алып, соңынан олай болмай шығатыны да жиі кездесіп тұрады. Осындай сәттердің бәрінде анықтау қиын.  Елде резонанс тудыртқан оқиғаның бірі Гарант 24 ломбардының алаяқтық мәселесі еді. 2000-нан аса қызылордалық тұрғын ломбардтың құрбанына айналып, бағалы мүлкінен айырылған. Арызданған халықтың уәжін тыңдап,күдіктілерді анықтап, қамауға алдық. Бүгінде іс Ақтөбе қаласындағы сотқа жолданды. Сонымен қатар қылмыстық кодекстың 124 бабы яғни жасөспірімдерге азғындық жасау әрекеттері бойынша бірнеше қылмыстың бетін аштық. Қоғамда жаға ұстататын қылмыстың бірі осы педофилдық іс болып тұр. Аталған іске байланысты бірнеше қылмыскерді 11 жылдан аса бас бостандығынан айыруға қызмет атқардық, – дейді білікті маман.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген тәмсіл бар. Асылбек – әке жолын жалғаған полицей. Туған бауыры Алтынбек Бексейітов те қоғам тәртібін түзеуге ат салысып жүрген қызметкер. Ұрпақ сабақтастығын жалғаған Бексейітовтердің үлгілі ісі көп-ақ. Ата өсиетін, әке өнегесін көкірегіне түйіп өскен, «полиция қызметкері» деген қиын да жауапты қызметті саналы түрде таңдап алған мамандар Қазақстандағы тәртіп пен тыныштықтың, құқық пен бостандықтың күзетінде күн-түн демей еңбек етіп жүр.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!