Байқасаңыз, қыздардың көбі бала күтіміне байланысты үйде отырған кезде кәсіп бастауға бел буады. Сөйтіп іске кірісіп кетеді. Тоғжан да солай. Екі балалы ана отбасымен ақылдасып, кәсіппен айналысуға шешім қабылдайды. Ауылдық жерде бизнестің ең дамыған түрі – мал бордақылау. Жас кәсіпкердің бұл туралы азын-аулақ хабары болса да, отағасына, отбасына сеніп, істі бастауға шешім қабылдаған.

«Ауылда тұрғандықтан үйде мал ұстай­мыз. Оның күтімі бізге жақсы таныс. Ата-енем, жолдасыммен ақылдаса келе мал бордақы­лаумен айналысайық деп шештік. Ол үшін осы жазда «Бастау Бизнес» жобасын онлайн оқып, сер­тифи­кат алдым», – дейді Тоғжан.

Кім болса да үйде отыра беруді ұнатпайды. Балаларының керек-жарағын алып беріп, жап-жаңа киімдерді кигізсем дейді. Бұл үшін ота­ғасының ғана табысы жеткіліксіз. Сондықтан да көмегім болсын деп бір істі бастауға асы­ғамыз. Есесіне кәсіпті әрі қарай дамытып, мол қаржыға кенелеміз. Кәсіп бастағысы келіп, бірақ оны жүзеге асыра алмай жүргендер үшін мамандардың көмегі ауадай қажет. Тоғжан да арнайы мамандардың кеңесіне жүгінген. Ол облыстық кәсіпкерлер палатасының Сыр­дария аудандық филиалы мамандары арқылы мемлекеттік бағдарлама талаптарымен танысып, «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымынан 6 пайызбен несие алуға болатыны жөнінде білді.

«Тамыздан бастап құжат жинақтай бастадым. Қажетті құжаттарды дайындауда аудандық филиал кеңесшісі көмектесті. Түсінбеген сұрақ­тардың бар­лығына жауап беріп, қаржы­ландыру алғанға дейін жобаға сүйемелдеу көрсетті. «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымынан алғашқылардың бірі болып көмек алып жатыр екенмін. Қуаныш­тымын. Енді бұл қаражатқа жылқы алып, бордақы­лаймыз», – деді ол.

Қай іс болсын жауапкершілікті талап етеді. Ал мал бордақылау жұмысы ауыр, табысы күшті бизнес түрі.