Ұлыстың ұлы күні – жоғалтып, қайта қолымыз жеткен құнды қазынамыздың бірі. Аталған күн Әзірбайжан, Түркия және Орталық Азия сынды көптеген елде жаңа жыл ретінде тойланады. Соның ішінде Түркияда көктемгі күн мен түннің теңесуін тойлау – бірнеше мыңжылдықтан бері қалыптасқан дәстүр. Алайда түркиялықтар ұлыстың ұлы күнін қалай тойлайды? Қандай ерекшеліктері бар? Бұл туралы түркиялық дәстүрлі әнші, түрколог Ақтеңіз Ербаспен сөз қозғаған едік.

«22 наурыз күні кез келген түріктің үйінде кең дастархан жайылып, бар жылы-жұмсағы қойылады. Бұл күні үйдегі дәмнен көрші-қолаң, туған-туыстың бәрі ауыз тиіп, бәрі бір-біріне қонақ болады. Ал дастархандағы басты мәзір – халиса мен сумаляк. «Халиса» деп отырғанымыз түріктердің «наурыз көжесі». Оған да жеті түрлі дәм қосылып, қою сорпа сынды біркелкі сұйықтыққа айналғанша қайнатылады. Ал «сумаляк» ұн мен шекердің қоспасынан жасалатын тәтті нан. Бұл – екеуі де тек наурызда дайындалатын тағам», – дейді Ақтеңіз Ербас.

Мереке кезінде аты басқа, заты бір наурыз көжені дайындау үшін сол аймақтың әйелдері жиналып, үлкен қазанға тағамды дайындайды. Көже күйіп кетпей, бабымен пісуі үшін әйелдер кеш бойы кезекпен қазанды қарайтын болған.

– Түріктер үшін бұл мереке «Эргенекон» эпостық жырына сәйкес азаттықты бейнелейді. Аңыз бойынша көктүріктерге белгілі бір тайпа шабуыл жасап, Алтай тауларына жеткенше біразын талқандап, жаныштап тастайды. Түріктердің қалған тірі әскері таудан өтіп, арғы бетке қашып кетеді. Олар ұзақ жүріп, таулы орман арасынан бір қысқа жолды көреді. Жолдан өткенге жайқалған ағаштар, кең дала, сұлулық тұнған табиғат пен бейқам тіршілік көрінеді. Олар бұл жерді жұмаққа ұқсатты. Тәңірге дұға етіп, бос алқапқа қоныстанады да, оны «Эргенекон» деп атайды.

Жылдар жылжып, түріктердің қарасы көбейеді. Жоқтан барға, аздан көпке айналған халық енді бұл мекенге сыймай, жаңа жер іздей бастайды. Бұл кезде алғаш бабалар тапқан жол ұмыт болған екен. Бір күні Бозгурд есімді түрік баласы бастапқы өз қоныстарына бастайтын жолды табады. Осылайша түріктер атамекеніне қайта қоныстанып, өз жерін тапқан. Міне, дәл осы өз жеріне қайта оралған күні – жаңа жылдың бастауы, наурыз мерекесі деп есептеледі, – дейді кейіпкеріміз.

Түріктер 22 наурызды қарсы аларда үйдің ішін толықтай тазартып, өздері де жуынып, киімін жаңалап, барлық ескіні тастап, жаңаға ауыстырады. Сонымен бірге Наурыз мейрамы кезінде Түркияда «от фестивалі» өткізіледі, яғни жылдың соңғы күндерінде көшелерде от жағылып, жасы да, ересегі де оттан секіреді. Бұл – түріктердің отқа деген сенімінен қалған дәстүрдің жұрнағы.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!