Сырдария ауданының Аманкелді ауылында республикалық «Tulga bol» жылжымалы жәрмеңкесі өтті. Шараға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Ерлан Сисенбиев пен аудандық орталық директоры Нұрман Абдрасилов қатысып, барша ауыл жастарын мемлекет қарастырған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.
Жәрмеңкеге ауданнан сала мамандары қатысып, ауыл жастарына түрлі бағытта кеңес берді. Шарада кітап, сурет көрмесі, ұлттық нақыштағы киіз үй көрмесі қойылып, жастар назарына ұсынылды. Кеңес беру жәрмеңкесіне қатысқан жастар гір тасын көтеру, үстел теннисі, қол күрестен спорттық сайыстарға қатысып, бақ сынады.
Шара аясында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, 2,5 пайыздық жеңілдетілген шағын несие беру, құқықтық кеңес бойынша бағыт-бағдар берілді. Оған 70-ке жуық ауыл жастары мен тұрғындар қатысты.
Айта кетейік, «Tulga bol» жылжымалы жәрмеңкесі ҚР Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында республика көлемінде жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта ол Шаған ауылдық округінде жалғасатын болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!