Жыл сайын қала тұрғындары арасында «Үздік аула» байқауы ұйымдастырылады. Қатысушылар жарысқа білек сыбана кіреседі. Сайыс барысында қай көше таза, көркем екені сарапталады. Биыл да үздіктер тобы алға шықты. Дәстүрлі байқау жеңімпаздарын марапаттауға қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова қатысып, әуесқой бағбандарға қала әкімінің дипломын және қаржылай сыйлығын табыстады.

– Жылда өткізілетін бұл байқаудың маңызы ерекше. Ол ауланы таза ұстаудан бөлек, келешек ұрпақты қалаға жанашырлықпен қарауды үйретеді. «Қала – ортақ үйіміз» деген ұранды бойына сіңіреді. Шаһардың көркеюі мен таза болуы сіздердей жандардың тынымсыз еңбегінің арқасы. Өздеріңіздей белсенді азаматтар қатары арта берсін, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.
Бұрынғы байқау өз алдына, бұл жолғы байқау тіптен ерекшеленді. Басты ерекшелігі, биыл 20-ға жуық өтінім түскен. Үздіктер қатарында мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан көгалдандыру ісін қолға алған «Сәулет» мөлтек ауданы №12 үйдің тұрғыны Нина Константиновна бар. Ол басты жүлдеге ие болды. Жеңімпаздың ауласы көз жауын аларлық. Ол жыл сайын тазалау жұмыстарымен қатар көркейту-көгалдандыруға ден қойып келеді.
Жаппасбай батыр көшесінің тұрғындары да байқаудан шет қалмаған. Бұған ІІ орынды иеленген Сабина Сәбитқызы дәлел. ІІІ орын көршілердің ауызбіршілігі үзілмеген «Ақмешіт» мөлтек ауданы №7 үй тұрғыны Мереке Серікболқызына, ІV орын зейнеттегі бос уақытын жұбайымен бірге көгалдандыру ісіне арнаған «Титов» шағын ауданы №30 үй тұрғыны Бисенбек Дүйсенбекұлына бұйырды.
Жеңімпаздардың ауласына алдағы уақытта «Үздік аула – 2022» тақтайшасы ілінетін болады. Байқау барысында Қызылорда қаласының тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері де марапатталып, оларға қала әкімінің алғысы мен қаржылай сыйақылары табысталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!