Дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде бизнес ерекше рөл атқарады. Себебі халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің экономикалық мүмкіндігі арта бермек. Біздегі қарқын да қуантарлық. Мұны жергілікті тауар өндірушілердің көрмесінен аңғардық.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауына 70-ке жуық кәсіпкер қатысты. Құрамында бизнес, мемлекеттік орган өкілдерінен тұратын сарапшылар байқауға қатысушылардың өнімдерімен танысып, бағалау жүргізді, үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша әк тасын өндіретін «ОСТ – ОрдаСтройМарт», дайын металл бұйымдарын шығаратын «Қызылорда дизайн» серіктестігі, ас үйге арналған қыш жабындар әзірлеумен айналысатын жеке кәсіпкер «Nomad» үздіктер шоғырынан көрінді. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша күріш өндірісімен айналысатын «Жаңажол», тұз өндіретін «Алтын орда» серіктестігі топ жарды. Күріш өңдеуші «Асыл дәне ЛТД» серіктестігі де осы қатарда. «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша түйе жүнінен төсек-жабдық дайындайтын жеке кәсіпкер «Жұмашева Индира», «Қазалы кәмпитін» өндіретін жеке кәсіпкер «Қазбергенов», кондитерлік өнімдер шығаратын жеке кәсіпкер «Тәтті әлем» жеңімпаз атанды.
«ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының облыстық шарасына қатысуға ниет білдірушілердің қатары, сондай-ақ республикалық деңгейде жеңімпаздардың саны жыл өткен сайын артып келеді», – деді кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
Сондай-ақ, көрмеде қолөнер шебері Роза Әлбатырова түкті кілем тоқудан, суретші-қолөнерші Малика Сұлтанғазина иірілген құрғақ жүннен басу техникасында панно, сәнді қолөнер, кәде-сый, ойыншықтар, аксессуарлар жасаудың әдіс-тәсілдерін көрсетті. «Резин арт» және барельеф техникасы арқылы эпоксидті шайырмен суреттер мен декор элементтерін салу, табақшаларды безендіру, декорация жасау, сурет салу әдісі бойынша да шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!