Көлік дегеніңіз, қызыққа толы әлем. Әп-сәтте жүріп тұрған тұлпарыңыздан ақау шығып, “өлікке” айналуы мүмкін. Мұны көлік тізгіндеушілер жақсы біледі. Дегенмен істен шыққан тұлпарды “зауыттан” қайта құрылғандай ететін ұста да жоқ емес. Жақында бір танысым ескі көлігін жаңалапты. Сыртқы көрінісі көпшілік қызығатындай. Барлығымыз шебердің шеберлігіне таңқалдық. Әдетте мұндай істе тәжірибесі мол, сол салада 15-20 жыл еңбек еткендер еске түседі. Содан мән-жайды сұрастырдық. Әлгі көлікті Ұлықбек есімді азамат әрлепті. Өзбекстанда өмірге келгенімен, негізгі тіршілігі Қызылордадан бұйырыпты. Не керек мекен-жайын сұрап, Ұлықбектің ұстаханасын көзбен көргенді жөн санадық.

Тұтас бір ауыл көлік мамандары
Ақмешіт мөлтек ауданындағы Ұлықбектің қызмет орнына ат басын бұрдық. Ұстаханасы аядай болғанымен, кезек күтетіндер көп екен. Сырлаудың сақа шебері шеберханасында «Nissan teana” маркалы автоны бояуға әзірлеп жатыр екен. Бізді көргеннен аздап бөгелді. Жөн сұрасып, Ұлықбектің өмірлік архивын ақтардық.
– Жастық жалын Өзбекстанда өтті. Ағайын-туыстың барлығы сонда. Жалпы ол жақта жастар еңбекке ерте бейімделеді. Мектепті бітіре салысымен шаңырақтың үлкен бір мүшесіне айналасың. Үйдің бюджетіне ортақтасуың керек. Жауапкершілік жүктелгеннен кейін жан-жағымызға жалтақтай бастаймыз. Негізі біз тұратын Хива қаласы көлік жөндеушілердің мекені. Мысалы, Намангам, Хорезм секілді қалалардың тұрғындары құрылысқа икемді болса, біздің өңір көлік жөндеуге бейімделген. Сондықтан ата дәстүрді бұзбай жасөспірім шақтан көлікті сырлауға бет бұрдық. Мектепті тәмамдаған соң әкем ауылдағы ағайынның біріне «жетектетіп» жіберді. Осылайша 2001 жылы Қызылорда қаласына жолымыз түсті. Алғашында үйрену үшін майда-шатпақ жұмыстарды істей бастадым. Мектепті жаңа бітірген жас балаға бірден ірі жұмыстарды сеніп тапсыруға кім болмасын үрейленеді. Сондықтан бірнеше уақытымыз мықты мамандардың көмекшісі болумен өтті.

«Алғашқы тапсырысты сағынышпен еске аламын»
Кәмелет жасқа толмаған Ұлықбек үшін тәуекелге бел буу қиынға соқпаған. Өйткені үйінің үкіліген үмітін ақтау үшін жас шебер 18 жасында нағыз маманға айналған.
– Ауылдан жырақтап кеткен соң үйдегілер де үмітпен қарайды. Сон­дықтан жеке кетіп, қалайда қаражат табуға бекіндім. Өз-өзіме сенімім зор еді. Алғашқы тап­сырыс түскенде біршама толқыға­нымды осы күні сағынышпен еске аламын. Бастапқыда «орынның жалға алу құнын төлей алмай қаламын ба?» деген қауіп болды. Бірте-бірте айналама адамдар үйіріле бастады. Кісі ақысын жемей, не нәрсені де адал істеу – негізгі ұраным. Бәлкім содан болар тұрақты клиенттер де пайда болды. Алғашқы табысымды әке-шешіме жібергенде үлкен бақытқа кенелдім.

Селқостық Қазақстаннан кетірді
Ұлықбектің өмірлік деректері шытырманға толы. Бір кездері ол Қазақстаннан біржола кетуге де мәжбүр болған екен.
– Қызылордаға үйреніп қалғаннан кейін өз еліме қайтуға асықпайтын болдым. Екі жылда бір барып тұрсам, кейіннен мүлдем жол түспейтінді әдетке айналдырдым. Өйткені жұмыс қауырт, тапсырыс көп еді. Уақыттың тығыздығы соншалық күнтізбедегі күндердің өзін шатастыра бастадым. Жұмысқа деген фанатизм құжатқа селқостық танытуға әкеп соқтырды. Бір мекен-жайдан шықпайтын болғандықтан, тексеріп келіп жатқан полиция қыз­мет­керле­рін де байқа­майтын болдым. Содан жылдар өтіп, ауылға жиналғанымда құжат мерзімі­нің уақыты өтіп кеткенін байқадым. Шекара қызметінде Қазақстанға кіруге 5 жыл тиым салды. Осылайша үйреншікті мекеннен кетуге тура келді. Бірақ бұл кәсіп тоқтаған жоқ. Ресейге барып, қызмет пен тәжірибе одан әрі жалғасын тапты. Бірақ Қызылорда әрдайым өз жұртым секілді көрінетін. Биыл шектеу мерзімі аяқталып, Сыр өңірімен қайта қауышып, ескі достармен басым қосып, жұмысым жалғасын тауып жатыр.

Көлікті күндіз сатып алу керек
20 жылдан аса тәжірибесі бар Ұлықбектің шеберлігіне ешкім шүбә келтірмейді. Шаһарда шын шеберге айналған маманның кеңесі теміртұлпар тізгіндегендер үшін құнды. Көлік сатып аларда бірнеше факторға мән беру керек екенін алға тартты.
– Сатылымға шыққан көлікті тексерудің ең басты шарты – күндіз қарау. Танысыңыздан не алдын-ала келіскен кісіден кеш­кі­сін ба­рып қа­рай салу үлкен қате­лікке ұрын­ды­руы мүм­кін. Бөл­шек­ бетіндегі өзгерістерді күндізгі жарықпен ғана анық көре аласыз. Сондай-ақ көліктің жуылған, таза болуына да мән беріңіз. Жасыратын ештеңесі жоқ сатушы еш қорықпастан жарқыратып ұсынуға тиіс. Көліктің соғылғанын, ұрылғанын білдіретін басты белгісі – зауыттық бояу үстіне екінші рет боялуы. Мұны екінің бірі еріккеннен не сән үшін жасай бермейді. Көбіне бояу сызат түскен жерлерді жасыру үшін жағылады. Сондықтан бірінші кезекте оның боялған-боялмағанына мән беріңіз. Мұны есіктің жақтауларын мұқият қарау арқылы білуге болады. Анықтап қарасаңыз, боялған көлік есігінің жиектерінен екі бояу қабаты байқалады. Көліктің есігін ашып-жапқанда қандай да бір қиындық, кедергі болса, бө­тен ды­быс шық­са, бұл есік­тің бөтен көлік­тен “кө­шіп” кел­гені­нің айғағы. Немесе орнынан алынып, қайта салынған. Екі жағдай да көбіне жол апатына түскеннен кейінгі жөндеуде ғана жасалады.
Бүгін де Ұлықбектің ұстаханасының алды көліктен босамай тұр. Телефон соға қалсаңыз, ол қай күні қай сағатта келуге болатынын нақты айтады. Барған уақытыңызда бірден іске кіріседі. Көмекшісі Юсуф пен Бекзат үшеуі гаражға таң бозынан кіріп, түн жамыла шығады. Үшеуінің алтын қолына клиенттерінің бәрі риза. Осы күні маман барлық көліктерді әрлеуге машықтанған. Тіпті шебердің қолынан қымбат маркалы “Lexus 570” пен “Toyota 200” көліктер де әрлеуден өтіпті. Табанды еңбегінің арқасында Ұлықбек шаһарда үлкен құметке ие.

Ерасыл ШӘРІБЕК,
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!