Кәсіпкерлікті қаржыландырудың, қаржы салудың бірнеше жолы бар. Әлем елдерінде оның қарқынды дамыған түрі – венчурлық қаржыландыру. Ол – ғылыми өнімдерді жасауға салынатын тәуекелі жоғары қаржы инвестициясы. Бұл ретте біз «Венчурлық инвестицияға енді келген адам не істеу керек?» деген сауалға жан-жақты жауап іздеген едік.
Деректерді парақтай отырып, «MOST Ventures»-тің басқарушы серіктесі, «Umay» бизнес клубының негізін қалаушылардың бірі әрі басқарушысы Мират Ахметсадықовтың жазбаларына тоқталдық. Оның айтуынша, болашағын технологиямен байланыстырып, технология өмірді жақсы жаққа өзгертетініне сенімді болғандар ғана венчурлық инвестицияға келеді. Себебі олар 3-5 жылдан кейінгі болашақты көреді. Бұл ретте маңыздысы басқа. Сарапшылар енді ғана инвестор болған адамға бірден венчурлық инвестициямен айналысуды ұсынбайтын көрінеді. Қиыншылық қылаң беруі мүмкін. Біріншіден, венчурлық инвестиция жайлы білім керек. Екіншіден, венчурлық инвесторларға арнап ашылған клубтар бар. Сол клубтың мүшесі болып, тәжірибелі инвесторлармен бірге инвестиция жасап көру артық етпейді. Үшіншіден, өз бетінше инвестиция жасауға ниеттенген адам тәуекелді инвестиция жасап көруі қажет. Сонда жоғалтатыны да аз.
«Егер өзге венчурлық инвесторлармен бірге инвестиция жасасаңыз, 100 мың доллар қаражат керек. Венчурлық клубта әр инвестор бір жобаға 10-20 мың долларға дейін салады. Осы жерде 10 мың долларды 10 жобаға көбейтсек, 100 мың доллар қаражат керек. Бұл – бір күнге емес, 1-2 жылға салынатын ақша. Сондықтан осынша ақшаны инвестицияға бөле аламын деген адамдар келеді. Осы жерде тағы бір айтып кетерім, венчурлық инвестицияға келгенде кемінде 10 жобаға ақша салам деп келу керек. Ал егер ешқандай клубтарға мүше болмаймын, өз бетімше жүргіземін десеңіз, онда шамамен 500 мың доллар қалтада болуы қажет. Өйткені жобаға көбіне 50-100 мың доллар ақша сұрап келеді. Бұдан бөлек, әр адамның өзі қызығатын саласына қарай таңдауы да әртүрлі. ІТ-стартаптарда бизнесті жүргізудің жолдары сәл өзгеше. Дәстүрлі бизнес пайда табуға және оны арттыруға бағытталады. Ал стартап жобалар пайда табуға емес, нарықты жаулап алуды мақсат етеді. Пайда емес кірісті өсіруге ұмтылады. Мысалы, біз білетін Uber 10 жыл бойы пайдасыз компания болған. Әр жылы кірісінен шығыны көп еді. Uber-дің мақсаты әлемнің бүкіл қаласында жұмыс істейтін такси қызметін құру болды. Нәтижесінде ол 10 жылдан кейін пайда әкеле бастады.Дәстүрлі бизнеспен салыстырсақ, мейрамхана аштың ба, 2-3 айдан кейін пайда келу керек. Сондықтан инвестиция құяр алдында дәстүрлі бизнес пен стартап екеуін бөлек қарастырамыз. Стартап мақсаты – пайда табу емес, өз саласында бірінші болуға тырысу», –дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар қазіргі уақытта венчурлық инвесторлар қай салаға көптеп ақша құятатынын сараладық. Байқағанымыздай, оның қатарында жасанды интеллект, электрон коммерция, логистика сияқты сан сала бар. Бірақ соның ішінде нақты екі саланы ерекше атап өтсек. Біріншісі – қаржы саласы. Нақтырақ айтсақ, «fintech». Ол миллиардтаған инвестиция тартып жатыр. Ал екіншісі – пандемия басталғалы бері білім беру.
Мақаланы оқи келе «инвестиция құйған жоба сәтсіз болса, не істеуге болады?» деген ой мазалауы мүмкін. Егер сіз бір жобаға қаржы құйсаңыз, ал ол сәтсіз болса, ештеңе де істемейді екенсіз. Себебі сіздің ақшаңыз кетсе, стартап иесінің 5 жылдай уақыты жоғалды, таразы басы тең. Сол үшін сала маманы айтқандай, тек бір жобамен күтіп отыруға болмайды. Өзге инвесторлармен бірігіп 10 жобаға қаржы салсаңыз, соның біреуі болсын сәтті шықса, қалған 9 жобаға жұмсаған ақшаңызды артығымен қайтарып береді. Осы орайда тағы мынадай мәселе бар. Венчурлық инвестор және бизнес періште деген екі бөлек түсінік бар екен. Бизнес періште – енді аяққа тұрып келе жатқан компанияларға ақша салатын адам. Ал венчурлық инвестор – венчурлық қорда жұмыс істейтін адам. Олар өзінің ақшасын емес, қор ақшасын салады. Бизнес періште – маңдай терімен тапқан ақшасын басқа жобаға жұмсайтын адам. Ал венчурлық қор – кәсіби түрде инвестициямен айналысатын компания.
Осы орайда венчурлық қорлардың өмір сүру мерзімі –7-10 жылға дейін созылатынын айту керек. Алғашқы 4-5 жыл ақшаңызды инвестициялау кезеңі болса, қалған 3-4 жыл пайда табатын уақыт. Мират Ахметсадықовтың «MOST Ventures»компаниясы – Қазақстанда құрылған ең алғашқы осындай венчурлық қор. Бірақ мұндай қордың алдағы уақыта көбейері даусыз. Өйткені қазіргі уақытта мемлекет венчурлық қорларға салықты алып тастаған.
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!