Бүгін облыстық «Жастар ресурстық орталығына» 2022 жылғы «Жайдарман» ойындарының вице-чемпиондары «Қазалы» құрамасы арнайы қонақ болды.
– Бұл тек қана Қазалы ауданының жеңісі емес. Барша Қызылорда облысының шығармашыл жастарының, жайдарманшы жастарының ортақ жеңісі. «Жайдарманда» 2011 жылы «Аралас» командасы чемпион болған екен. Одан кейін «Қорқыт» құрамасы үздік үштіктің қатарынан көрінсе, кейіннен жас буын «Қармақшы», «Жаңақорған» құрамалары да жайдарман ойындарының финалистері болды. Міне, біз де финалға дейін жетіп, «вице-чемпион» атанып отырмыз. Бұл үлкен еңбек пен төзімнің нәтижесі деп толықтай сеніммен айта аламын, – деді кездесуде команда мүшесі Әліби Басаров.
«Қазалы» командасы Қазалы ауданы әкімдігінің қолдауымен арнайы жоба ретінде құрылған. Астарлы әзіл, қағытпа қалжыңдарымен көрерменнің көзайымына айналып үлгерген команда. Жастармен жылы жүздесуде жайдарманшылар қызықты естеліктерімен бөлісіп, көрермен сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Оспанұлы үздік жайдарманшыларға алғыс білдіріп, естелік сыйға тартты. Жастар вице-чемпиондармен естелік суретке түсті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!