“Қа­зақ­станда 2020 жыл еріктілер жылы болды, біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы жасалды. Яғни бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғыс айтамын”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізде 2021-2023 жылдарға арналған Волонтерлікті дамыту жол картасы аясында бірқатар жоба табысты іске асты. Мемлекет басшысы қоғамда еріктілік мен қайырымдылық дәстүрін нығайту үшін бірнеше кешенді шара қабылдауды ұсынды.
“Осы саладағы стратегиялық бағыттарды нақты көрсететін жаңа Жол картасын әзірлеу керек. Аталған құжат волонтерлік қозғалысқа тың серпін беріп, оның таяу жылдардағы дамуының басты бағыттарын айқындауға тиіс. Екіншіден, еріктілік мен қайырымдылық ісін есепке алатын жүйені кезең-кезеңімен енгізу қажет. Бұл бастама волонтерлік қозғалысты ынталандыру үшін заңнамалық деңгейде тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек. Бұл ретте мемлекеттік және жекеменшік грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды. Төртіншіден, волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытқан жөн. Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет. Бесіншіден, волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет”, – деді президент.
Қуантатыны, өңірде де бұл қозғалыс ерекше қарқынмен дамыған. Аймақта «Syr Volonterlary» орталығы құрылды, бұдан бөлек облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан «Волонтерлардың фронт-офисі» жұмыс істейді, аудандардағы еріктілер 7 бағыт бойынша игі істердің ұйытқысы болғаны да көптің есінде.
«Он адам жүрген жерде із, жүз адам жүрген жерде соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген. Жүзіне мейірім ұялаған еріктілер әлі талай істің қасынан табылатыны анық.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!