Ербол БЕКІШ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Практикалық ағылшын тілі» кафедрасының меңгерушісі:
‒ Ербол Тнейбекұлы, әңгімемізді университеттегі студенттердің тіл үйрену бағытынан бастасақ. Қазіргі жағдай білім саласын онлайн жүйеге бейімдеді. Осы орайда қандай өзгерістер болды, нәтиже қандай? Студенттердің тіл үйрену деңгейін қалай бағалар едіңіз?
‒ Қашықтан оқыту білім алуға ниетті мамандардың негізгі қызметін атқара жүріп, білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі қиын сәтте сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді шешуде оқытушының атқаратын рөлі маңызды. Оған әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүктеледі: ол қысқа мерзімді оқу жоспарын дайындап, оны қашықтан білім беру жүйесі бейімдейді, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, өз бетімен бақылау-пысықтау жұмыстарын ұсыныстар береді. Бүкіл әлемде болған пандемия салдарынан оқу орындарында заманауи технологияларды игеруге қиындық туындады. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басшылығы тарапынан орасан жұмыс атқарылды. Атап айтсақ, онлайн сабақ жүргізуде интерактивті технологияларды қолдана отырып, білім алушыларға заман ағымына сай әдістерді айқындап, біршама семинар, вебинар, дөңгелек үстел, конференциялар ұйымдастырылды.
Қашықтан оқыту кезінде білім алушылармен байланысу маңызды. Тапсырманың анық-қанығын, оқу материалдарының қолжетімді болуын үнемі бақылау қажет болды. Осы мақсатта білім алушылар Zoom, Google classroom, Platonus платформаларын пайдаланды. Соның нәтижесінде студенттер әлемдік ақпараттар алуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, жаһандық ақпарат кеңістігінде өздерінің білімін шыңдауға мүмкіндік алды.
‒ Әдетте адамдар белгілі бір мақсатпен тіл үйренгісі келеді. Ал сіз бұл салаға қалай келдіңіз? Шет тілді үйрену бастапқыда сізге де оңай соқпаған болар…
‒ Мектеп қабырғасында шет тілін меңгеруге ерекше қызықтым. Қазақ әдебиетімен қатар шетел жазушыларының шығармашылығымен таныстым. Ағылшын тілін жетілдіруге, мамандық таңдауға ұстаздарым, ата-анам бағыт берді. Алдымен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінде, кейін «Болашақ» университетінде «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығын тәмамдадым. Осыдан соң Ресей федерациясының Қазан федералды университетінде магистр дәрежесін алдым. Ал 2016 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқытушылық қызметке келдім. Былтырғы оқу жылынан бастап Практикалық ағылшын тілі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарамын. Ғылыми жолымды жалғастыру мақсатында, Ресей федерациясының Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университетінің аспирантурасында оқып жатырмын.
‒ Тіл үйрету барысында аудиторияны басқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сабақ барысында мәселе туындамас үшін педагог нені білу керек?
‒ Қазіргі уақытта қашықтан оқытуды күрделі процесс деп санамауымыз қажет. Білім беру ресурстарының мол болуы материалды зерттеуде, ұйымдастыруда және оның дамуын бақылауда оқытушының міндеттерін жеңілдетеді. Тек дұрыс материалды таңдап, білім алушымен байланысты жоғалтпау өте маңызды. Топта пікірталас ұйымдастырып, материалды оқып білу, жалпы жоба, рөлдерді бөлу тапсырмалардың көмегімен оқу процессін үздіксіз ұйымдастыру мұғалімнің назарында болу керек деп ойлаймын.
‒ Шет тілін жетік білесіз. Бірақ сол мүмкіндікті толық пайдалана алмай жүрмін деп есептемейсіз бе? Мәселен, шетелге саяхаттау тұрғысынан…
‒ Қазіргі таңда ағылшын тілін білу ‒ заман талабы. Министрліктің және университетіміздің жастарды қолдау саясатында тағылымдама туралы ережелері бар. Әлемде болып жатқан жағдайға байланысты шетелдерге іс-сапарлар мен тағылымдамалар біршама тежелгені рас. Бірақ қазір сол жұмыстар екінші қарқын алып, жұмыс жандануда. Болашақта шет елдерге тағылымдамамен бару жоспарымда бар.
‒ Қай сала болсын уақыттың маңызды екені белгілі, ал сіз үшін 24 сағаттың қайсысы тиімді?
‒ Кейінгі он жылдықта «тайм мененджмент» деген ұғым санамызға еніп келеді. Бұрын тек бизнес саласында ғана қолданатын ұғым болса, қазір қарапайым өмірде де өз тиімділігін тәжірибе арқылы дәлелдеуде. Тайм-менеджменттің бірнеше әдісі бар. Мысалы, «Альп», «Парето принципі», «АBC анализі». Осы әдістерді қолдана отырып, алдағы күнімді жоспарлауға тырысамын.
‒ Ағылшын тілін үйренген сәтте кино көруге, әуен тыңдауға жиі кеңес беріледі. Бұл қаншалықты пайдалы?
‒ Шет тілін үйренемін деген адамға мүмкіндік көп. Міндетті түрде курсқа барып, уақыт пен ақшаға шығын шығармай-ақ, шын талпынсақ өздігінен үйренуге болады. Бұл ‒ пайдалы және кеңінен қолданатын әдістің бірі. Фильмдерді ағылшын тілінде көру, сөйлеу, тыңдалым, оқу дағдыларын арттырады. Ғаламторда ондай фильм көп. Тыңдау қабілетін үнтаспа көмегімен дамыту үшін арнайы бейнежаттығулар мен аудиомəтіндер қажет. Осы орайда мəтінді тыңдау, оқып отырудың мəні зор.
‒ Қазіргі уақытта ғаламтор арқылы тіл үйрететін онлайн-курстар жеткілікті. Оларға сенім артып, нәтиже күтуге бола ма?
‒ Жоғарыда айтқанымдай, ғаламторда ағылшын тілін үйренуге арналған пайдасы мол бейнеблог пен мен онлайн курс өте көп. Бірақ оларды іздеген адам бірден тауып алып, оқи бермейді деп ойлаймын. Жалпы шет тілін өз бетінше үйрену (self study) оңай жұмыс емес. Ол көп уақыт, күш пен ынта-жігерді қажет етеді. Шет тілін үйренудің тиімді әдісі тек кітап, аудио, бейнематериалдарды қолданып ғана қоймай, тұрақты түрде оқытушылармен сұрақ-жауап алмасып, сол тілді ана тілі ретінде сөйлейтін адаммен (native speaker) сөйлесіп, яғни үздіксіз жаттығып меңгеруге болады. Онлайн курстарды бастамас бұрын өзімізге сұрақ қойғанымыз жөн. Ең бірінші, үйренуші ағылшын тілінің өзіне қажеттілігін түсіну керек. Ол үшін «ағылшын тілі бізге неге керек? Үйренсем қандай пайдасы болады?» деген сұрақтарға жауап берсек, ағылшын тілін әлдеқайда оңай үйренген болар едік.
Екінші, бізде тілге деген қызығушылық болу қажет. Мысалы, “егер ағылшын тілін жақсы үйреніп алсам, ағылшын тілді адамдармен еркін сөйлесе аламын, халықаралық компанияларда жұмыс істей аламын, шет елдерге саяхат жасағанда тіл жағынан қиындық болмайды, Голливудтың (Hollywood) киноларын өз тілінде көріп, батыс Европа, Америка сияқты елдердің жазушыларының кітаптарын өз тілінде оқи аламын” деген сияқты құштарлық болуы қажет.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!