Қазалы ауданында «Заманның қожасы да, тұтқасы да – жастар» атты аудандық жастар форумы өтті. Онда ауданның белсенді үздік жастар мен жастар жанашырлары марапатталды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жастардың басын қосқан форум олардың әрі қарай да өсіп, өркендеп, дамуларына қажетті импульс береді деген сенім білдірді.
«Қазалы ауданында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыттары бойынша бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Мәселен еріктілеріміздің ұйымдастыруымен 400 іс-шара өткізілді. Мұның 38 пайызы қайырымдылық бағыттарында ұйымдастырылған ерекше атап өткен орынды. Оның ішінде басымдық әлеуметтік жағдайы төмен аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, баспана салып беру мәселелеріне бағытталды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ауданда 23 отбасы баспаналы болып, 350-ден астам отбасыға азық-түліктер жеткізілді. 89 отбасыға қыстық отындар түсіріліп, 8 үй табиғи газ жүйесіне қосылды. Ал, белсенді ерікті жас Әсет Ерғазыұлының демеушілігімен көлемі 1 млн теңгені құрайтын тұрмыстық техникалық заттар мұқтаж жандарға таратылып берілді», – деген Мұхтар Әуесұлы бірқатар жастарды «Ерікті жас» номинациясымен марапаттады.
Сондай-ақ, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаевқа «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының «Алғыс хатын» табыс етті.
Мұнан соң сахна төріне облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш көтеріліп, қазалылық жастардың қай істе болмасын белсенді екендіктерін атап өтті.
Сонымен қатар, жастар саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытқан қазылылықтарды «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Ал, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев жастардың белсенділігін арттыру жолында жанашырлық танытып, әрдайым қолдау көрсеткені үшін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевқа алғысын айтып, «Ғани Мұратбаев» төсбелгісімен марапаттады.
Аудандық форум аясында аудандық мәслихат депутаты Райымбек Бөлебаев, Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектептің директоры Төребай Шермаханов, Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Мұрат Таңжарықов, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі директорының орынбасары Гүлнәр Күзембаева, «Энергомера» ЖШС директоры Бекетай Мұхашевқа «Жастар жанашыры» номинациясы табысталды.
Форум басталмас бұрын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандық жастар ресурстық орталығының тапсырысымен жасалып жатқан сайттың құрылымымен танысып, заманауи, жастардың талабына сай жасалған дүниенің мүмкіндіктерін көрді.
Аудандық форум аясында Қазалы ауданы әкімінің кубогі үшін облыстық жайдарман ойындары өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!