Жалағаш ауданында дәстүрлі түрде еңбек лагері өтті.
Еңбек лагерьін аудандық жастар ресурстық орталығы және «Сұңқар» әлеуметтік қамқорлық орталығы қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Еңбек лагері Таң ауылына қарасты «Манақ баба» шаруа қожалығында өткізілді. Шаруашылық басшысы Шағыртаев Берік ағамыз жастарға арнайы қой атап, өзінің қонақжайлығын көрсетті. Лагерь мақсаты жастарға ұмытылып бара жатқан қазақ дәстүрлерін дәріптеу, ұлттық ойындарды насихаттау болып табылады. Шаруашылықта атқарылатын жұмыстарды екі күн жастар өздері жасап, білетіндері өз ептілігін көрсетті, білмегендері сол жұмыстарды жасап үйренді. Ер балдар шаруашылық қызметкерлеріне көмектесіп, шөп жинап, қой қырқуға көмектесті, қой сойып, қыздар ішек-қарын тазалады, таңмен таласып сиыр сауып қатық ұйытып, айран пісті, қиға нан көмді. Лагерь қызығы одан әрі жалғасып ер балдар асық ату, гір тасын көтеру, ләңгі тебу сайыстарына қатысып өзара бақ сынасты, кешкі асқа қуырдақ жасап бірінші күніміз кешкі алау жанында ән шырқаумен жалғасты.
Екінші күні жастар атқа мініп жасанды серке тартып, балық аулап, ет асты, қонақ күтуге дайындық жасап қыздар бауырсақ пісірді, қолдан қамыр жайып бешбармақ қамына кірісті. Таң ауылының жастары бақшада өсіп тұрған жергілікті дәмі тіл үйіретін қауын, қарбыз ұсынып ауыл жастарымен таныстық жалғаса түсті. Лагерь аясында шаруашылық жұмыстарында белсенділік танытып көзге түскен жастар үшін ұйымдастырушылар «Лагерь Аруы», «Лагерь Сұлтаны» номинациясын табыстап арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Еңбек лагерінің басты мақсаты аудан жастарының ауызбіршілігін нығайтып, жаңа бір орта қалыптастыру.
Екі күнге созылған жастардың еңбек лагеріне аудан әкімінің орынбасары Еспенбет Жасұлан, облыстық жастар ресурстық орталығының орынбасарлары Дауылбай Мақсат, Гүлназ Айдарбекова, жыршы-термеші Марат Сүгірбай, ақын Мөлдір Айтбай, Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әділбеков Сырым қонақ болып келді. Арнайы Жалағаш ауданы жастарымен кездесіп, пікірлесіп өздерінің ыстық лебіздерін білдіріп жастарға әннен шашу шашып, арнау айтып лагердің сәнін келтірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!