Әр салада табанды еңбек етіп жүрген жалағаштық жастарға аудан әкімінің “Жалын” жастар сыйлығы табысталды.
– Біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында жүздесіп отырмыз. Сондықтан алдымен баршаңызды келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Біз үшін бұдан асқан қастерлі әрі маңызды мереке жоқ. Еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, одан әрі өркендету – жастардың қасиетті борышы. Сондықтан сіздерге зор үміт артамыз. Ел болашағының тұтқасын ұстайтын сіздер деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – жас мемлекет, елімізді жастардың мемлекеті десек, қателеспейміз. Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» деген болатын. Ел Тәуелсіздігінің одан әрі қарыштап дамуының бірден бір кепілі – жастар саясатын тиімді жүзеге асыру. Ауданда да мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қай саланы алып қарасаңыз да, оның даму жолында біздің жастарымыз қажырлы еңбек етіп жатыр, – деді аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!