Ата өнері – балаға мұра. Темірге тіл, жаңқаға жан бітіретін ұсталардың қолынан шыққан қай туындының да ғұмыры ұзақ болары түсінікті. Аймақта ата өнерін ардақтап, жиһаз ісін жандан­дырып келе жатқан кәсіпкерлер кемде кем. Соның бірі  – бүгінгі күні тек қызылордалықтардың ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұтынушылардың сұ­ра­нысына сай жиһаз жасап келе жатқан «Сыр жиһазы» серіктестігі.

Мұра демей немене? Баба өнерін өлтірмей, жоқты бар ететін жастар саусақпен санарлық. Жасасаң – тұрмыс қажеттілігі, сатсаң – ақша, балаңа үйретіп, мұра етсең – өнер. 2009 жылы «Сыр жиһазы» цехы ашылып, сырбойылықтарға сапалы өнімімен, сыр бермес бұйымдарымен етене танылды. Танымалдылықтың сыры да «мені мақтаса, атақ берсе» деген даңққұмарлықтан емес, мұндағы әрбір ұстаның өз ісіне деген ұқыптылығы мен ағаштан түйін түйген ұжымның үлкен еңбегінің нәтижесі болса керек. Цехта үй мен кеңсе, мектеп және медицина мекемелері, сұлулық салондарына қажетті әдемі әрі сәнді жиһаздардың сан алуан түрі әзірленуде. Сонымен қатар түрлі пластик бұйымдар да жасалады. Сәнді бұйымдар жасау, жиһаз өндірісі үнемі дамып тұруды қажет ететін сала болғандықтан 2021 жылы «Даму» бағдарламасы аясында ауқымды цех тынысы кеңейтілген. Кәсіпкер ол қаражатқа өндіріске қажетті жабдықтар сатып алып, жұмыс өнімділігін бірнеше есе арттырып отыр.

Аталған ұсталар ордасының құрылғанына биыл 14 жыл толып отыр. Бүгінде 30-дан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекемеде 3 цех жұмыс істеуде.

– Жаңа технологияларды өндірісте пайдалана білу – уақыт талабы. Мәселен, «Шпон» деп аталатын станок сапалы есік шығаруға септігін тигізеді. Соңғы уақытта мемлекет кәсіп ашамын дегендерге жақсы қолдау білдіріп келеді. Жеңілдетілген несие де, түрлі гранттар да қолжетімді болғанын мойындау керек. Тек соны тиімді пайдалана білген жөн. Өндіріс нарығындағы 20 жылда біз жеткен жетістік аз емес. Қайбір жылдары «Қазақстанның үздік тауарлары» атты өңірлік көрме-байқауына қатысып, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орынға ие болдық, – дейді цех директоры Рүстем Ізтілеуов.

Ұсталық кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған икем мен шыдамдылық, берілген тапсырысты тыңғылықты орындау үшін шығармашылық көзқарас керек. Айта кетейік, көпшілік таласа таңдайтын «Сыр жиһазының» авторлары тұтынушының жеке қалауы бойынша түс пен дизайнның кез келген күрделілігіне »тапсырыс қабылдайды. Кез келген кәсіпті «тәй-тәйлататын» маркетинг пен жарнама, өнімді дұрыс ұсына білу десек, ұсталардың қолынан шыққан тапсырыс­тардың барлығы instagram әлеуметтік желісі арқылы толық көрсетіліп, фото және видеоконтент ретінде оқырманға күнделікті ұсынылуда. 8000-нан аса оқырманы бар «Сыр жиһазының» парақшасын ақтарып шыққан жанның бірінен бірі өткен, сапасы мен сыртқы көрінісі сай туындыларын көргенде, тапсырыс бермеске амалы жоқтай көрінеді. Мұның себебін қарапайым тұрғындар мен тапсырыс берушілердің пікірінен білуге болады.

«Ескі үйімізді босатып, жаңа үй көтердік. Қажет жерінде арнайы мамандарды жалдап, көбіне өзіміз отбасымызбен бірігіп жасадық. Үй салу оңай ма?! Бірі бітсе, екінші жағы тұрады. Үйдің жалпы құрылысын аяқтап, сыртын ретке келтірген соң, аталған цехтан есіктерге, сонымен бірге баспалдаққа тапсырыс берген едік. Тура шетелдік компаниялардан сатып алғандай, таңданғанымыз есімде. Ұсталардың жылдам әрі сапалы жұмысын көріп, «Қызылордада жасалған» деп мақтанышпен айтып жүремін. Бұл – тұрғындар мен аймақ экономикасы үшін қуантарлық деңгей», –  дейді қала тұрғыны Сәуле Айталықызы.

А.Мәделханқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!