Жастарды тыңдап, идеясы мен ойын іске асыруға мүмкіндік беру арқылы оларды қолдауға қадам жасалады. Соңғы жылдары тұрақты түрде іске асырылып келе жатқан қадамның бірі – инновациялық идеялар фестивалі.
Жақында Қызылордада цифрлық салаға қызығушы жастардың басын қосқан «Innofest Qyzylorda» инновациялық идеялар фестивалі өтті.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ұйымдастырылатын байқауға қатысуға 1700 жас ниет танытып, жалпы саны 200-ге жуық команда 3 бағыт бойынша өз жобасын қорғап шықты. Есте қалған ерекше идеялардың қатарында ұйқы тежегіш көзілдірік, күн сәулесімен жүретін жол талғамайтын көлік, смарт үй, ақылды қоқыс жәшігі мен дрондар арасындағы махаббат сынды 50-ден аса жоба бар.
Аталған шарада облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ІТ саласының дамуына үлес қосып жүрген жастарға әрдайым қолдау болатынын тілге тиек етті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстанда халықаралық деңгейдегі өнім шығаруға қабілетті дарындылар аз емес. Отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу маңызды. Жаңа идеялар мен серпінді жобалар тек еркін және үйлесімді қоғамда ғана жүзеге асады» деп елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек екенін еске салды.
«Бұл шара мүддесі бір, ойы ерек жастардың инновациялық идеялар алаңына айналды. Біз өзіміздің IT паркімізді әрі қарай дамыта отырып, жаңа жобаларды жарыққа шығару жолында бірлесіп жұмыс жасаймыз», – деді Н.Сақтағанов.
Айта кетейік, «SmartСity», «Контент&Медиа», «Кино&Видео» сынды негізгі 3 бағытта өткен фестивальге өз саласында табысты жетістікке жеткен спикерлер шақырылды. Өз кезегінде олар жаңа идеялардың генераторы – жалынды жастармен шеберлік сағат өткізіп, жобаларды бірлесе талқыға салды, пікір алмасты.
Екі күнге созылған фестиваль нәтижесінде 3 бағыт бойынша 9 жоба үздік деп танылып, оларға жалпы жүлде қоры 3 млн теңгені құрайтын қаржылай сыйақылар үлестірілді. Сонымен қатар ерекше жобаларымен көзге түскен 6 жасқа ЖОО гранты табысталды. Байқаудың ең жас қатысушысы 6 жасар Дарын Қойшығұл арнайы сыйлыққа ие болды. «Smart Сity» бағытындағы қатысушы Зарина Айданова «Digital innovation and transformation» компаниясымен жұмыс істеуге мүмкіндік алса, «Кино&Видео» бағытындағы жеңімпаз жобаларға «Қызылорда дизайн» ЖШС қызығушылық білдірді. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ғылыми жоба ретінде ұсынылған 2 жобаны, «Qazinterservice» ЖШС 2 жобаны қолдауға ниетті.
– Менің ұсынған жобам – күн сәулесімен жүретін, жол талғамайтын көлік. Мұндай көліктер күн сәулесін электр энергиясына айналдырып, табиғатқа еш зиянын тигізбейді. Көпфункциялылығымен де ерекшеленеді, әскери бағытта, жүк тасымалына да қолдануға болады. Іске асырар болсақ, пайдалы дүние болмақ, – деді қатысушының бірі, жас өнертапқыш Аралбек Жанысбеков.
Аделина Мәделханқызы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!