Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Бәйтерек» тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірі пайдалануға берілді.

Бұл көпір халықтың көптен бергі сұранысы бойынша салынды. Құны 368,6 млн. теңге болатын өткел құрылысын «Стандарт Ойл» ЖШС жүргізді.

Көпірдің ашылу салтанатына қала әкім Асылбек Шаменов, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, Қызылорда қаласының және Арал ауданының Құрметті азаматы Имамадин Оңғарбаев және еңбек ардагері Жүзбай Таңрықбаев қатысты.

Сөз алған облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Сейітқалиұлы «Ұлт даналығында «құдық қазған, көпір салған және ағаш еккен» деген үш сауапты іс бар. Бүгінде сол сауаптың ең күрделісі және маңыздысы орындалды. Халықтың сұранысына сәйкес қажетті жұмыстардың легі мұнымен тоқтамайды. Аймақ басшысының қолдауымен байыпты бастамалар, жарқын жобалар жүзеге аса бермек. Жаңа жыл қарсаңындағы қуанышты сәтпен баршаңызды құттықтаймын!» – деді.

Бірнеше жылдан бері көтеріліп келген мәселе шешімін тауып, қолайлы жағдай жасалғанына бәйтеректіктер ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына алғыстарын жаудырды.

Айта кету керек, «Бәйтерек» – жаңа тұрғын аудандардың бірі. Бұл елдімекенге қоныстанушылар қатары күн сайын артып келеді. Тиісінше, мұнда қажетті инженерлік-инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде.

Биылдың өзінде республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд. 111 млн. теңгеге 7 дана су ұңғымасы мен 3 дана резервуар құрылысы жүрді. Осы ұңғымалар арқылы Бәйтерек, КБИ, Шанхай, Әл-Фараби мөлтек аудандарына сапалы ауыз су берілуде. 1 млрд. 261 млн. теңгеге 600 орындық мектеп салынып, қазірде осы тұрғын ауданның балалары жаңа ғимаратта білім алуда. Сонымен қатар, 11 көше жөндеуден өтіп, мақсатты жобалар жалғасуда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!