Өркениетке апаратын жол кішкентай аудан тұрғындарының үлкен қадамдарынан, тындырымды тірлігінен басталады. Сөзімізге дәлел болған журналистердің Қармақшыға сапарындағы алғашқы аялдама – балалар арасында спортты дамыту, қолдау мақсатын жүзеге асыратын Жосалы кентіндегі спорттық кешен құрылысы болды.
Аталған кешеннің құрылыс жұмыстары тамыз айында бітеді деп жоспарланған. «Аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені құрылысының жалпы құны – 560 млн теңге. Былтыр басталған нысанды аяқтау биылғы тамыз айына жоспарланып отыр. Мердігері – «Сапақ» өндірістік кооперативі. Құрылыста 10-ға жуық аудан тұрғыны да уақытша жұмыспен қамтылған. «Кешен аудандағы жастардың спортпен айналысуы мен бұқаралық спортты дамыту үшін үлкен қолдау болмақ», – дейді аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев. Айта кету керек, дәл осы типтегі кешен Ақай қаласында да тұрғызылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда спорттың 16 түрімен айна­лысатын қармақ­шы­лықтардың игілігі үшін салынып жатқан қос нысанның қолдануға берілер күні де алыс емес.
«Бұл жыл басқа жылдардан өзгерек» деген жөн болар. Қармақшы ауданында жылынған күннің райымен жанданған тірліктен осыны түсіндік. Көлік, кілем жуу, наубайхана, дөңгелек желімдеу, автобекет, жылыжай сынды біз жұмысымен танысқан нысанның әрбірі кәсібі мен сервистік саласы дами түскен жаңа Қармақшыны көрсеткендей. Мәселен, өткен жылы желтоқсанда пайдалануға берілген «Шынар ана» автобекеті тұрғындар үшін ғана емес, көлік жүргізушілер, балалы аналар мен сырқаттанып қалған жолаушылар үшін де қолайлы қызметімен көптің көңілінен шығып келеді.
– Бұрын автобекет деп айтуға келмейтін шағын ғана тұрақ болды. Аудан орталығына бір бекет керек екені белгілі. Халықтың сұранысы мен қажеттілігін қамтамасыз еткен Шолпан Сапабекқызы өз қаражатымен ашқан автобекетте күту залы, анықтама бюросы, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, асхана, билет кассасы, жүргізушілер бөлмесі және автотұрақ алаңы бар. Жалпы құны 60 млн теңге шамасында, 7 адам тұрақты жұмысқа орналасты, – дейді аудандық кәсіп­керлік, өнер­кәсіп және туризм бөлімінің басшысы.
Мемлекет қолдауымен кәсібін кеңге жайған қармақшылық Нұрсұлтан Алтынбеков 2021 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсынан өтіп, «Кілем жуу орталығы» бизнес жобасын қорғап шығу арқылы 583 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантты ұтып алған. Берілген қаржыға 2 дана арнайы кілем жуу құрылғысын алған кәсіпкер шағын ғимаратта кәсібін дөңгелетуде. «Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласында дәл осындай орталықта қарапайым жұмысшы болып істедім. Сонда жүргенде жұмыс барысын толық зерттеп, өзіміздің ауданымызда да неге осындай орталық ашпасқа деп ойладым. Нәтижесінде осылай Жосалы кентінен кілем жуу орталығын аштық. Қосымша несиеге ғимарат пен тағы керекті құрылғылар сатып алдым. Аудан орталығынан бөлек, ауылдық жерлерден тапсырыс түсіп жатады. Арнайы көлікпен тасымал қызметін де ұйымдастырдық. Күніне 10-15 кілем жуамыз, қосымша екі адамды жұмысқа алдым, – дейді жас кәсіпкер.
Жосалы кентінде ашылған «Ақ Дильназ» наубайханасы осындағы азық-түлік дүкендеріндегі бағаны тұрақтандыруды қолға алып, бастысы, сапалы, қолжетімді нан өнімдерімен тұтынушыларын қуантып келеді. Бес түрлі нан өнімін ұсынып жүрген Тұрсынай Нұрмаханова былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында 555 мың теңге көлемінде грант және «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы арқылы 2 млн теңге көлемінде несие алыпты. «Жаңа жылдан бастап наубай­ханамыз ашылды. Бәліш, шелпек, батон, бөлке нан, сондай-ақ тап­сы­рыспен самса, кекс, пицца да пісіреміз. Бір күнде 300-ге жуық бөлке нан шығарып, 15 дүкенге таратамыз. Олар 85 теңгеден алса, үстіне бес теңге ғана қосып, 90 теңгеден өткізуде. Баға да көңілге қонымды», – дейді кәсіпкер.
Ал егіннің ебін тауып, бейнеттің берекесін көріп отырған келесі кәсіп иесі Марат Досниязов жылыжай ісін жандандыруда. Шетелдік өнімге жүгірмей, өзіміздің жергілікті көкөністерді тұрғындарға ұсынып отырғандықтан баға да қолжетімді, сапаға да сөз жоқ.
– 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2,2 млн теңге грант ұтып алдым. «Зена» деп аталатын біздің қиярдың сорты 45 күнде өнім бере бастайды. Бұйырса, күніне 20-30 келі өнім аламыз деп күтудеміз. Алдағы уақытта өзге де көкөніс өнімдерін егіп, ауыл тұрғындарына сатылымға шығарсақ дейміз, – дейді еңбекқор кәсіпкер.
Осылайша тіршілігі жанданған жаңа Қармақшының келбетіне куә болдық. «Ер дәулеті – еңбек» демекші, ердің де, елдің де дәулетінің көрінісі тұрақтанған баға мен сұранысқа сай қамтамасыз етілген халықтың қажеттілігі сынды.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!