Сыр өңірі үшін топырақ құнарлығы басты мәселе екені анық. Жалпы облыста жыл сайын 500 мың тоннадан астам күріш жиналады. Дақыл өңделгеннен кейін шамамен 100 мың тонна күріш қауызы қалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын күріш қауызын қала сыртындағы полигонда өртейтін. Бұл облыс тұрғындарының денсаулығына кері әсер етіп, қоршаған ортаның ластануына әкеп соғады. Сол себепті кейінгі уақытта күріш қауызын өртеуге тыйым салынды. Жақын арада бұл мәселе де шешімін тапты. Олай болса Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде дайындалып, авторлық куәлік алған жоба – «Терра Прета» биотыңайтқышының топырақ үшін пайдалы болары сөзсіз.
Биотыңайтқыш Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің инженерлік бейіндегі зертханасында органикалық жер өңдеу талаптарына сәйкес әзірленген. Университет профессоры Нұрбол Аппазовтың жетекшілігімен зерттеу жұмысын жүргізген жас ғалым Рахметулла Жаппарбергенов тыңайтқыш әзірлеу үшін өңіріміздегі көп уақыт ыдырамайтын күріш қауызы, сабаны және биочар қолданыпты.Осылайша зерттеушілер аталған қалдықтарды 3 айда ыдыратып, органикалық тыңайтқышқа айналдырған. Ғалымдар осыған дейін де жергілікті өнім күріштен көптеген пайдалы дүниелер алып, тәжірибеге енгізген еді. Бұл жолғы бастаманың да берері мол.
Айта кетейік, өнімнің басты ерекшелігі – топырақ құнарлығын ұзақ уақытқа сақтай алуында, яғни басқа органикалық тыңайтқыштар тәрізді тез ыдырап кетпейді. Тіпті топыраққа артық мөлшерде енгізгеннің өзінде ластамайды.
– Күріш қауызы мен сабаны өте баяу шіритін болғандықтан, оны утилизациялау да қиынға соғады. Қазіргі кезде бұл қалдықтарды майдалап, шаруалар мал азығына араластырып пайдаланып жүр. Бірақ күріш қауызында ешқандай қоректік заттар жоқ. Осы қалдықтарды оңтайлы пайдалану мақсатында әлі де зерттеу жұмыстарын жүргізудемін. Зерттеу жұмысының мақсаты – аталған қалдықтарды тез шіріту арқылы органикалық жер өңдеу үшін тиімді биотыңайтқыш алу. Оларды тез шіріту мақсатында кеуектерінде микроағзалардың жылдам дамуы үшін биокөмір және күйіс қайыратын малдан алынған целлюлозолитті микроағзалар қолданылады. Біз аталған қалдықтарды 3 айда шірітіп, тиімділігі жоғары жаңа «Терра Прета» биотыңайтқышын алдық. Өткен жылы бұл жоба бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ректорының жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына қатысып, 2 жарым миллион теңге грант иегері атандым, – деді Рахметулла Өмірбекұлы.
Біраз уақыт бұрын университет ғалымдары күріш қауызынан биочар, кремний диоксидін алу технологиясын жасағанын жазған болатынбыз. Ал бұл жолы күріш қауызын органикалық биотыңайтқыш ретінде пайдаланудың тиімді әдісін табу – ғылымға қосылған жаңалықтың бірі болды. Алдағы уақытта да ғалымдардың «Қызылордада жасалған» деген брендпен әлі талай тың жобалар ұсынарына сенім мол.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!