Мұғалім беделін арттыру – кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі. Қазіргі бәсекеге толы дүниеде бұл қызметке барынша дарынды адамдарды тарту өмірлік қажеттілікке айналды. Педагог мәртебесін көтеру жайындағы жаңалық та тек ұстаздар қауымын ғана емес, барлық қоғам мүшелерін қуантты десек болады.

Болашақта ел ертеңі үшін еңбек ететіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, ал мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Жаңа Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады. Әсіресе, саланы таңдаған жас мамандар жаңашылдыққа ұмтылып, қоғамның жетекші күші ретінде ел дамуына үлес қосуы қажет. Бұған қоса мектеп жасындағы жеткіншектердің спортты серік етіп, саламатты өмір салтын ұстануына үлес қосатын дене шынықтыру пәнінің үлесі салмақты екенін айтқым келеді.

 Жақында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген «Жастардың негізгі проблемалары мен қажеттіліктері» әлеуметтік сауалнамасынан қызық мәлімет байқадым. Жас ерекшелігіне қарай спортпен шұғылданатындар саны да өзгереді екен. Мысалы, 14-18 жастағылардың 25 пайызы бос уақытын дене шынықтыруға арнайды. Сауалнамаға қатысушылар спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау қажетін атап өткен. Жалпы, қазіргі таңда бұл бағытта атқарылып жатқан шаруа аз емес. Бұқаралық және балалар спортын дамыту бойынша бірқатар міндет қойылған. Атап айтқанда, спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңмен салуды қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Президент балалар үшін спорт ғимараттарын барынша қолжетімді етуді ұдайы көтеріп келеді. Оның аясында Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді.

Біздің аймақта да серпіліс бар. Ауыл балаларын бұқаралық спортқа тарту ісі көңіл көншітеді. Бір ғана  Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің жеткен жетістіктері орасан және ол кішкентай болса да балалар белесінің бастамасы деп білеміз. Мәселен, спортсүйер оқушылар баскетболдан өткен «Алтын доп» аудандық іріктеу жарысында топ жарды.

Ал жастарды спортқа тартып, жаңаша серпін сыйлауда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақытбек Өтемұратовтың үлесі зор. «Туған өлкеге қызмет ету бала күннен ең басты мақсатым болған соң, сол арманымды жүзеге асырып, халқыма пайдамды тигізгеніме қуанамын. Бұл ‒ үлкен мақсаттардың бастапқы сатысы», – деп біледі белсенді жас. «Бір баланың болсын өміріне жақсы әсер етіп, азамат болып қалыптасуына ықпал жасау – ең құнды жетістігім» дейтін Бақытбектей жастар көбейсін!

Гүлайым ІЛИЯСОВА,

үздік ұстаз,

Арал қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!