Қазір жастардың бетін қақпай, белін буатын жоба көп. Жалқаулыққа мойны жар бермейтін жанға мүмкіндік қарастырылған. Кәсіп жолын тапқанға күректеп ақша табуға негіз. Тек бастаманың бейнетіне төзім мен талап керек. Осы ретте «Zhas project» жобасының Қызылорда облысы бойынша тәлімгері Әкімбек Әлібекпен әңгімелескен едік.
– Бүгінде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында түрлі жобалар жүзеге асуда. Ал бұл жобаның ерекшелігі неде?
– «Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы осал топтардан, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жастарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. «Neet» санатындағы жеті категорияға жіктелген жандардың құлшынысын арттырып, бастамасына қолдау көрсету. Екінші ерекшелігі басқа жобаларда тек коммерциялық бағыттағы бизнес-жоспар жасалса, мұнда құрылым әлеуметтік мазмұнда болады. Екі ай көлемінде тегін қызмет көрсетіп, содан кейін ғана нарық бойынша іске кіріседі. Белгілі бір аймақтың әл-ауқатын жақсарту, ондағы жастарды жұмыспен қамту сынды мәселелерді негіз етеді.
Байқау өз мәресіне жетті. Жобаға өтінім қабылдау барысында NEET санатындағы 18-35 жас аралығындағы 274 жас қатысуға ниет білдірді. Техникалық іріктеуден 98 өтініш өтіп, оның 42-сі байқау талабына сай комиссияның қарауына ұсынылды.
– Көбі мал шаруашылығын кәсіп етуге құмар. Биылғы жеңімпаз вулканизация жұмысын дөңгелетпекші. Комиссияға тағы қандай тың идеялар ұсынылды?
– Иә, мал шарушылығы мен ауыл шаруашылығына қатысты бизнес-жоспар басым болады. Бұл кәсіпте келеңсіздік көп болғаннан кейін қазір мұны тоқтаттық. Өйткені малдың қырылып қалуы, туысының малын сатып алып құжат жасату секілді оқиғалар аз емес. Қатысушылардың ынтасы зор, идеясы да ұшқыр. Мәселен, бірі қытай құрылғысы жайында жоба ұсынды. Ол бірқатар ауруға ем екен. Денсаулықтың қоғам байлығы екенін ескерсек, бұл таптырмас мүмкіндік. Яғни, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар белгілі уақыт аралығында тегін ем қабылдай алады. Жүйелі іске қосса, жемісін берері сөзсіз. Сонымен қатар түрлі тәтті мен ағаштан бұйым жасау кәсібін қолға алатындар бар.
Нәтижесінде 14 бизнес-идея үздік деп танылып, оны жүзеге асыруға 1 млн теңге көлемінде қаржы берілді. Соның бірі – жаңақорғандық Бөкейхан Пірмат ұсынған вулканизация жобасы. Бұл жобаның ерекшелігі – әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар, оның ішінде көлік жүргізушілерінің автобөлшегін тегін жөндеу бойынша көмек көрсетіледі. Жеңімпаздар арасында Neet санатындағы екі жас та жаңа кәсіп бастамақшы. Жобаның мақсаты да осы. Ұтымды ұсыныс арқылы арманға қол жеткізу.
– «Zhas Project» жобасының жемісін көргендер жетерлік. Айтыңызшы, алдағы уақытта жоба талаптарына қандай да бір өзгеріс енуі мүмкін бе?
– 2018 жылы жобадағы негізгі талап топпен қатысу болды. Сондай-ақ топ мүшелеріне арнайы шәкіртақы тағайындалды. Алты ай шәкіртақы ала отырып, әлеуметтік жоба аясында тегін қызмет көрсетті. Ал биылғы жобаның талабы өзгергені көпке мәлім. Бекітілген ережеге сәйкес топпен қатысуға тыйым салынып, жеке адам өзі өтінім білдіреді. Әрі шәкіртақы алмай, екі-үш ай көлемінде тегін қызмет көрсету белгіленді. Кейін жобасын бизнеске айналдыруға тұсау жоқ. Алдағы уақытта талап пен шарттың өзгеруі министрліктің құзырында. Бәрі уақыт еншісінде. Сондықтан нақты өзгеріс болады деп болжам жасай алмаймыз.
– Қайтарымсыз гранттың кезінде туындаған дау аз емес. Жалпы жеңімпаздарға қаржылай ұтыс берілгенмен, кейінгі бақылау қалай жүргізіледі?
– Жобаның мақсаты айқын, талабы қатаң. Қаржылай ұтысты иеленген жеңімпазбен екі ай бойы байланысып, есеп аламыз. Яғни қадағалау мен бақылау міндетті түрде жүргізіледі. Әркез жұмыс процесімен танысып, ықтимал нәтиже күтеміз. Мәселе қаржыға кеп тірелгенде тағылар сын көп. Көпшілік тарапынан «өзара келіскен» деген теріс пікір айтылатыны жасырын емес. Бірақ байқау әділ түрде өткізілді.
– Кәсіп бастау – тәуекелге барумен тең. Бұған жастардың құлшынысы қандай? Іріктеу кезеңінде қандай да бір кемшілік пен олқылық байқадыңыз ба?
– Әлбетте бизнес-жоспар дайындау оңай емес. Комиссия алдына келгенде кідірмей, бастамасы жайында бүге-шүгесіне дейін тарқатып, қойылған сұраққа тосылмай жауап беру керек. Өкініштісі, кейде жобаны өзгеге дайындатып, кәсіп туралы айтқанда күмілжіп қалатындар бар. Бірақ бұл жолы қатысушылар сауаты жоғары, кәсіпке икемі барын байқатты. «Іріктеуде іліп аларлық жоба болар ма екен?» деген күмәнді сейілтті. Neet санатындағы жастар да жұмыс істеуге ниетті екенін көрсетті. Енді қабілеті мен қарышты қадамы оң болып, кәсібін ұршықша иіріп әкетсе нұр үстіне нұр.


Сұхбаттасқан
Замира
ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!