«Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі. Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» деген қанатты сөздің мән-мағынасы зор.
Адам бойындағы жасымайтын жігер, өрлік пен ерлік тәрбиенің негізінде қалыптасады. Әсіресе, тәуекел теңізін кешуде жастардың жалтармай, ел үшін басын бәйгеге тігуде бұғып қалмауы әскери білім-біліктің нәтиже­сінен туындайды. Ел амандығы мен тыныш­тығы үшін тікесінен тік тұрып қалтқысыз қызмет ету азамат­тардың басты парызы. Жастарға парыздың парқын жете түсіндіріп, елжанды­лыққа тәрбиелеуде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалы­сының үлесі зор.

– «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы облыста 2019 жылы құрылды. Қазіргі таңда қозғалыс 11 мыңға жуық жасөспірімді қамтиды. Осы уақыт аралығында ауқымды шаралар өткізіп, жастарды жігерлендіруге күш салып келеміз. Бұл елге деген құрметті арттырып, Отанды сүюге тәрбиелеудегі тетік десек болады. Облыстық деңгейде «Смарт Сарбаз» робототехника сайысы, тұрақты түрде «Ерлік сабағы», «Kinotime» өткізіп тұрамыз. Төрт жылға жуық мерзімде атқарған ілкімді іс нәтижесінде қозғалыс өз мақсатына жетуде. Алдағы уақытта да жүйелі жұмысымызды жалғастыра бермекпіз, – деді «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының төрағасы Әкімжан Төлебай.
Бүгінде білім ошақтарында «жас сарбаз» үйірмесі бар. Оқушылар аталған ұйымда ұйымшылдық танытып, шараға белсенділікпен қатысады. Ұйым тек шара өткізумен шектелмейді. Содан ой қорытып, бойына азаматтық қасиетті сіңіруге де тырысады. Яғни, әр мектеп-колледжде әскери-қолданбалы спорт түрінен үйірмелер жұмыс істейді. Сайып келгенде мұның бәрі жастарды әскери қызметке даярлауға септігін тигізетіні сөзсіз. Ақиқатында, әскерге барудан ат тоңын ала қашатын жасөспірім жоқ емес. Оған ықтимал себеп бар екенін сіз бен біз білеміз. Осы ретте, «жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының басты мақсаты – бір жұдырық боп жұмылып, әскери борышты атқаруға бағыттау.
Иә, Сыр саңлақтарының антына адал болғаны абзал. Жігері құм боп жасымайтын еңселі ерлердің ерлік көрсетініне сенім мол. Сондықтан өресі биік өскелең ұрпақтың санасына әскери білімді сіңіру – бойдағы қобалжу мен қорқынышты сейілтетіні анық. Тиісінше көңілдегі күмән мен күдік те жойылары хақ. Ел мен жерді қорғауға, жұрт дегенде жүгініп қызмет етуге бағыт беретін үйірмелер қатары үзілмесін дейміз.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!