Жасанды интеллекттің потенциалы жоғары екенін мойындау керек. Әлемдегі жаңашылдық осы сарында өрбіп жатыр. Демек бізге де интеллектуалды қабілетті арттыру маңызды. ІТ саласына сұраныс көп, бірақ нәтиже әрқалай. Осы жөнінде қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының робототехника үйірмесінің жетекшісі Оралбек Абдуллаевпен тілдескен едік.
ІТ-дің бір бөлімін 7 жыл оқиды.
Өркениеттің жалына жармасу үшін жан-жақты даму қажет. 2017 жылы өткізілген ІТ бағытындағы жарыстар қызығушылығымды оятты. Бұл энтузиаст жастың көптігін аңғартқаны рас. Білім ұйымдарының да бетбұрысын анықтап берді. Инновациялық үйірмелердің үздіксіз жұмыс істеуі де ізденісімді күшейтуге себеп. Робототехника бағытында ақылды көзілдірік, смарт паркинг сынды жобамды жүйеледім. Нәтижесінде республикалық байқауда көзге түсіп, марапат мінберінен көріндім. Өзге де бастама жасанды интелект саласындағы AiSha халықаралық информатика бойынша PhD докторанттары мен жас зерттеушілерінің біліктілігін арттыру орталығында қорғалып оң пікірлерге ие болды. Мұның бәрі әлде де тоқтамай, қарқынды жұмыс істеуіме түрткі. Habr, Stackoverflow форумы мен түрлі телеграм каналды оқимын. Өйткені бұл сала базалық біліммен шектелмейді. Шеберлікті шыңдап отыру шарт.
ІТ-дің басқа саладан артықшылығы көп. Мәселен, медицина академиясын 9 жыл оқып, білікті маман атанатыны мәлім. Ал ақпараттық технологияның бір бөлімін 6-7 жыл оқуға тура келеді. Бұл білімді әрі кетсе 4 жыл кәдеге жаратуға болады. Одан кейін өзектілігін жояды. Сол үшін тағы да теориялық тұрғыда білімді жетілдіру керек. Өйткені жұмыс орындары білімі терең кандидаттарды қажет етеді. Елдегі жоғары оқу орындары осал дей алмаймын, әр студенттің ашық ресурстардан үйренуіне мүмкіндік бар.
Инвесторлар инвестицияны тек шикізатқа құяды
Қазір ІТ мамандары шетелде жұмыс істеп жүр. Ірі компанияларда белді қызмет атқарып, бағын сынауда. Әрине, жұмыстың жемісі, маңдай тердің ақталғаны ғой. Өйткені, онда орналасудың өзі оңай шаруа емес. Қанша сынақтан сүрінбей өту керек. Бірақ елімізде де білікті кадрды ұстап қалу маңызды. Егер бәрі шетел асып кетсе, белгілі ортаны қалыптастыру қиынға соғады. Иә, әлемде ІТ саласымен айналысатын алпауыт компания өте көп. Тиісінше жалақы жоғары және көмек те көрсетеді. Егер бізде де инсвесторлар инвестицияны шикізатқа ғана емес ақпараттық технологияға құятын болса, сфераның қарыштап дамитыны сөзсіз.
Сонымен қатар, айтулы салаға ағылшын тілін білу маңызды. Қазақстан ағылшын тілін меңгеру бойынша 113 елдің ішінен 104-інші орында екен. Бұл ІТ саласында айтылмай жүрген фактор, ең негізгі кілт. Тілді жетік білмей қабілетті маман болу мүмкін емес.
Роботтарға реакция теріс болмау керек
Жасанды интеллекттің нәтижесінде роботтар шығуда. Бірақ бұған үрке қарауға болмайды. Ол – ғылымның жемісі. Мәселен, 1985 жылы алғаш электронды калькулятор ойлап табылды. Сол уақытта математиктер «Балалар енді математиканы оқымай қалады, ақыл-есі төмендейді» деп теріс пікір айтқан екен. Ал қазір қаржыгер мен математиктер сол калькулятордың көмегіне жүгінеді. Математика да пән ретінде әлі бар. Демек, калькулятордың пайда болуы ешкімнің жұмысын тартып алған жоқ, керісінше кәдеге асып келеді. Сол секілді роботтар да жаңа мүмкіндіктің есігін айқара ашты. Егер технологиядан қорықсақ немесе күмән келтірсек дамуымызды тежеуі мүмкін. Әлем елдері мұнымен айналысып кетті.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!