Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен жастар ісі жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары, бірқатар басқарма басшылары, қала әкімінің орынбасары мен селекторлық байланыс арқылы аудан әкімдері, белсенді жастар қатысты.

Облыс әкімі жастар саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдану қажеттігін атап өтіп, бұл орайда жастардың әлеуеті жоғары екенін тілге тиек етті.

Отырыста облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова ҚР жастарын қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылу барысын баяндады. Бүгінде аймақта 14 пен 28 жас аралығында 176 300 жас тұрады, бұл тұрғындардың жалпы санының 21,6 пайызы. Олардың ішінде жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайыз, NEET санатындағы жастар 8,3 пайыз. Жиында жастар үшін өзекті мәселелердің қатарында тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы айтылды, жастардың көпшілігі «Орда» аймақтық тұрғын үй бағдарламасының қайта іске асырылуын қолдайтындықтан «Отбасы банкпен» бірлесіп, жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын іске асыру ұсынылды.

Бірінші жартыжылдықта өңірде жастардың қатысумен 6347 іс-шара өткізілген, олардың басым бөлігі қайырымдылық іс-шаралары. Жыл басынан бері жастардың бірлесуімен 6287 аз қамтылған отбасы азық-түлік жиынтықтарын, киім-кешек пен тұрмыстық заттар алған, 31 отбасына балаларды оқыту үшін компьютер берілді. Сондай-ақ 500-ден астам ерікті жас пен «Жасыл ел» сарбаздары қуаңшылық тартқан аудандарға мал азығын дайындауға атсалысты.

Гүлшара Әбдіқалықова мал азығын дайындау жұмыстарына жастар өкілдерін, волонтерлерді, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздарының жұмылдыру ісін күшейтуді тапсырды. Мұнан бөлек, жастарды жаппай екпе алуға белсенді түрде шақыру қажетін қаперге салды. Ал облыстық статистика департаменті мен ішкі саясат басқармасының басшыларына ұлттық халық санағын жүргізу жұмыстарына волонтер жастардың қатысу белсенділігін арттыруды жүктеді.

Отырыста облыс әкімі еңбек нарығына қажетті кадр даярлау бағытында Ресейде білім алатын студенттерді жұмысқа тарту мәселесін көтерді. Соның аясында бірқатар басқарма басшыларына Ресей Федерациясында білім алып келген түлектерді жұмысқа орналастыруда бос орындар қарастыру қажетін алға тартып, 3 күн мерзім ішінде «Бітіруші түлектерді жұмыспен қамтудың Жол картасын» әзірлеп, бекітуге енгізуді тапсырды. Сонымен бірге жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген жастарды тиімді жұмыспен қамту мақсатында басқарма басшыларына техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру ұйымдарының мамандықтары бөлінісіне талдау жүргізіп, еңбек нарығына қажетті мамандықтар тізбесін қайта жасақтауды назарға салды.

Жиында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел», «Еңбек» бағдарламалары мен «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобаларының тиімділігін атап өтті. Есепті кезеңде 6127 жас, оның ішінде 3694 ауыл тұрғыны «Еңбек» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, бағдарлама аясында 5923 адам жұмысқа орналасты. 12 адам қысқа мерзімді курстардан өтіп, 572 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқуға жіберілді. Одан бөлек 92 адам несие алды, оның 69-ы өз ісін бастады. 380 жас бизнесті дамытуға грант алды, 2314 адам бос жұмыс орындарына орналасты, 259 адам әлеуметтік жұмысқа жолданды.

Жыл басынан бері 980 азамат жастар практикасынан өтіп, 2370 адам қоғамдық жұмысқа орналасты. Сонымен қатар өңірде «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар сабақтастығы» жобалары іске асырылуда, соның аясында 111 жас маманды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Кешенді жұмыстарды саралаған облыс әкімі басқарма басшысы Гаухар Қалмақоваға ішкі саясат басқармасы мен Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, жастарды, оның ішінде ауылдық жерлерден және NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыру бағытында тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Отырыста облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Ибраев жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мәселен, өңірде тұрақты негізде «Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік», «Жасөспірім және көше», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Квадрат» және т.б. іс-шаралар өткізіледі, кәмелетке толмағандарға темекі өнімдері мен алкогольді сатушылар, өз міндеттерін орындамайтын ата-аналар жауапкершілікке тартылады. Нәтижесінде есепті кезеңде жастар қылмысының деңгейі 33,9 пайызға төмендеді.

Мұнан кейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов сөз алып, облыс орталығында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және маргинал жастармен жұмыс барысын баяндады. Бүгінде қала тұрғындарының 19,5 пайызын жастар құрайды, яғни саны 63 204-ке жетті. Оның ішінде 24 544-і жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенті. Биыл қалада жастарға бағытталған 7 әлеуметтік жоба іске асырылуда. 8000 жас қамтылып отыр.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыс мекемелерінің басшыларына жастармен, оның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмысты жандандыруды, сондай-ақ жастар үшін бүгінгі таңда ең өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі қыркүйек айында онлайн форматта жастармен кеңейтілген құрамда кездесу ұйымдастырып, жастар үшін өзекті мәселелерді айқындауға мүмкіндік беретін ашық алаң қалыптастыру қажетін еске салды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!