Мемлекет болашағының тұтқасы – жастар.
Сондықтан жастармен байланыста болу, мәселелерін тұрақты талқыға салып, олармен ашық диалог құра білу қашанда маңызды. Шілде айында Қазалы ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен бастау алған «Жастар керуені» жобасы − аудан жастарымен тікелей тілдесудің ашық алаңы сынды.
Апта сайын әр ауыл мен аудан жастарының, өнерпаздарының басын біріктіретін айтулы жоба бойынша қазіргі уақытта 10 бағыт − Қызылқұм, Алға, Басықара, Сарбұлақ, Тасарық, Сарыкөл, Көларық, Арықбалық, Бозкөл, Ақжона ауылдық округтерін аралаған. Мұндағы басты мақсат − ауыл халқын өнер бұлағымен сусындатып, жастармен ашық аспан астында еркін әңгіме өрбіту, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, ең бастысы ауыл халқының, жастардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап беру.
Жастардың мәселесі − бүтін қоғамның, бір мемлекеттің мәселесі. Ауқымды шарада мемлекеттік бағдарламалар бойынша барлық ауыл тұрғындарына, Neet санатындағы жастарға арналған кеңестерді сала мамандары, аудандық ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары берді.
– Осындай керемет таза ауа, ашық аспан астында әр ауылдың жастарымен жеке-жеке жолыққаныма қуаныштымын. Біршама ауылдарға аялдап, ондағы жастармен тілдестік. Бұл жобада көкейде жүрген сауалдарды тартынбай сұрап, жеке бастың да, ауылдың да мәселесін айтуға болады. Біз сол арқылы шалғайдағы жастардың жайымен танысамыз. Соған сәйкес жұмыс істейміз. Әуелде құрылған «Жастар керуенінің» басты мақсаты осы, – деді аудан әкімі аппаратының басшысы Ринат Ібайдуллаұлы.
Ауыл жастарының басын қосқан шара концерттік бағдарламамен жалғасып, жиын соңында бейресми жастардың кездесуі өтеді. Жастармен еркін форматта ашық диалог жүргізіліп, бірге алау от жағылып, жастар әнін айтып, өлең оқып, сол арқылы ұсыныстар мен ауылдағы шешімін таппай жүрген мәселелер тыңдалады, екі тарап та өз ойын ашық білдіреді.
Бұл кездесулерде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы, аудан әкімі аппаратының басшысы Ринат Ибайдуллаұлы, ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат
Әбубәкірұлы, “AMANAT” партиясының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жаппарбергенұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Нұржан Аралбаев, «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Жұмабекұлы барлық ауылдық окургтерге барып, жастардың ой-пікірлерін тыңдап келеді.
«Жастар керуені» жобасының нәтижесінде өткізілген ауылдық округтерде жастардың айтылған ұсыныстары біртіндеп іске асырылып келеді. Айта кетсек, ауылдық округтерде жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында тұрақты түрде кино кештері, концерттік шаралар, акустикалық кештер, спорттық шаралар өткізілуде. Сонымен қатар Бозкөл ауылында сол жердің тумасы, депутат Райымбек Бөлебаев жастардың бастамасын қолдап, футбол ойынына арналған газон алаңын өз қаражаты есебінен ашып беретінін айтты. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша да ұсыныстар айтылды. Ара-тұра өнерпаздар баян, домбыра, гитарамен жанды дауыста ән айтып, көпшіліктің көңілін көтерді.«Сырға келсең әншімін деме» деген әзіл-шыны аралас тәмсілдің мәнін ұғына түскендейміз. Кештің көркін қыздырып, жанды дауыста шырқаған, классикалық бағыттағы көркем дауыстың иесі Сәкен Қуантқанұлы, әнші Мадияр Жеткербай, Досбол Нұрылла жиналғандардың көңілінен шығып, ризашылығына бөленіп жүр. Осылайша екі тараптың да ерекше әсерімен жоба да бітуге таяу. Алдағы уақытта «Жастар керуені» жобасының аялдамасында 9 ауылдық округ бар. «Жаңа жобаның өнерпаздар үшін де, жастар мен биліктегілер үшін де маңызы зор. Көңілді кеште отырып, өнерімізді паш етіп, арқа-жарқа болып жиналғанда жастарды мазалайтын сұрақтарды талқылау идеясы ерекше ұнады. «Балалар жылы», «Жастар жылы» дейміз де, олардың өзіне не керегін өздерінен сұрамаймыз. Ал бұл жобаның мәні бөлек. Осы орайда айтулы жобаның ұйымдастырушысы Нұрбек Ақпанбетов бастаған аудандық орталық ұжымына алғысымды айтамын. Осындай ерекше, креативті жобаларды күтеміз. Ал тұрғындар үшін ән салып, өнер көрсетуге әрдайым дайынбыз», − дейді Досбол Нұрылла.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!