Дамудың кілтін тапқандар белес пен биіктің бедерінен көрініп, ұмтылыстың ұтымды тұсын қарастыруға да қауқарлы. Демек, жастардың есті әрекеті елге жасалған игіліктің қайнар көзі болмақ. Иә, жастардың шығармашылық шыңын әлем де жақсы мойындайтын тәрізді. Сондай-ақ, жаһанның жастардың қарым-қабілетіне берер бағасы да жоғары. Сайып келгенде жұртшылық қоғамның қозғаушы күшіне айналған жастарды әлдеқашан елеп, дәрежесін белгілеп қойған. Яғни, 12 – тамыз Халықаралық жастар күні ретінде атап өтіледі.

Иә, айтулы мереке қарсаңында облыс көлемінде атқарылатын іс-шаралар жоспарына сәйкес бәрі ретімен өткізілуде. Жеті күнге созылатын ауқымды шаралардың жастар үшін мәні орасан һәм маңызы зор. Жоспарға сәйкес бірінші күн яғни, 7 тамызда «Мүмкіндіктер күні» аясында ерекше жастарға арналған SMM және мобилография курстары, «Ел ертеңі – жас сарбаз» атты «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының акциясы, «Жастар денсаулығы» тақырыпта ашық есік күні өтті. Ал 8 тамыз – «Балаларға қуаныш сыйлау күні» аясында «Мектепке жол» акциясына үлес қосу, «Бар қуаныш балаларға» акциясы, аймақ волонтерлері және белсенді жастардың атсалысуымен балалар ойын алаңдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. 9 тамызда «Экосана күні» аясында жастардың «Taza Alem» экологиялық акциясы өтті. Осылайша, экоакцияның сәтті өтуіне жастар жұмыла атсалысты. Шаралар легі мұнымен тоқтамақ емес.
– 10 тамыз – «Абай күні» аймақ жастарының қатысуымен Абай Құнанбайұлына тағзым ету шарасынан бастау алады. Аймақтағы жастар және ерекше жастар арасындағы облыстық спорттық турнирлер өтеді. Жастар күнінің негізгі шарасы – OPENAIR форматындағы гала-концерт. Шарада аудандық спорттық спартакиадалар қорытындыланып, әрбір ауданның шығармашыл жастары сахна төрінде өнер көрсететін болады. Мұнымен қоса, жас кәсіпкерлер өнімдерінің көрмесі және «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жеңімпаздары, «Үздік аудандық, қалалық жастар орталығы» және «Үздік қызметкер» байқауының жеңімпаздары марапатталады. 11 тамыз – «Жас отбасылар күні»аясында «Мүмкіндіктер керуені» мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндіру шаралары және жас отбасылар арасындағы түрлі форматтағы конкурстар және психологиялық тренингтер ұйымдастырылады, – деді облыстық «Жастар ресурстық орталығының директоры» Талғат Оспанұлы.
Қорытындылай келе, жастарды қолдау – кемел келешектің кірпішін қалаумен тең. Әрбір жастың белін бүкпей, еңсесін көтеру – еңселі еліміздің ертеңін көркем етпек. Асылында, осындай жақсылыққа арқау болатын шаралар шарықтай берсе, өрлеумен өрге жүзетініміз хақ.

Н.ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!