Осы аптада жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өтті. Маңызды шарада салаға қатысты мәселелер ортаға салынды.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының директоры Жақсылық Төлегенов «Жастар арасында жұмыссыздық мәселесін шешуге арналған 2023 жылға жұмыс жоспары», жаңа бағдарламалар мен жобалар туралы баяндады. Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы мен NEET санатындағы жастардың дерекқоры, оның үлесін төмендету бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.
Ал жастар орталығының стратегиялық жоспарын талдау және «Жастар саясаты туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістер туралы «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров тарқатты.
«Орталық қызметін 11 айда 10 952 жас пайдаланды. Жыл басынан бері орталықпен 94 шара ұйымдастырылып, оған 9945 жас қамтылды. Жастардың сұранысына орай орталықта WI-FI, коворкинг орталығы, спорттық секциялар, креатив фото-видео студиясы, би залы және жастар ұйымдары кабинеті тегін қызмет көрсетті», – деді орталық директоры.
Кеңес төрағасы жастар саясатын дамытудың маңыздылығына назар аударып, кент және ауылдық округтердің жастарын шараларға кеңінен тартуды, олардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп отыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік жобаларға жастардың психикасы мен суицидтің алдын алуға бағытталған шаралардың қосылатынын мәлімдеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!