Қоғамдық даму басқармасының маңызды бағыттарының бірі – аймақтағы БАҚ саласының серпінді дамыту. Облыстың медиа кеңестігінде 149 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның 121-і мерзімді басылым, 26-ы интернет сайт пен ақпараттық агенттіктер, 3 телеарна қызмет етуде. Оның 61 пайызы тұрақты жұмыс жасауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов айтты.
Былтыр облыстың 85 жылдық мерейтойын кең көлемде ақпараттандыру мақсатында республикалық және жергілікті телеарналар мен мерзімді басылымдарда арнайы шығарылымдар, бейнематериалдар әзірленіп, 2000-ға жуық көрнекі ақпараттар әлеуметтік желілерде халық назарына ұсынылды. Жастар саясатын дамыту бағыты да басты назарда. Осы бағытта 14 мыңға жуық жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, кәсіп бастауға ниеті бар жас кәсіпкерлердің 65 жобасы қолдау тапты.
– Аймақта 14 пен 35 жас аралығындағы 244 865 жас есепке алынып, жалпы халықтың 29,3 пайызын құрады. Жалпы өңірде NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету бағытында бірнеше жобалар жолға қойылған болатын. Соның ішінде жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдауға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру арқылы 504 жастың өтінімі мақұлданды. Бұдан бөлек, жыл көлемінде жастардың белсенділгін арттыру мақсатында ауқымды іс-шаралар өткізілді. Мәселен, Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау, облыстық «Жайдарман» турнирі, «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы, ерекше жастарға арналған 3 күндік лагерь мен «Жастар балы», NEET санатындағы және пробация есебіндегі жастар арасында өңірлік «Жастар спартакиадасы», жас мемлекеттік қызметшілердің облыстық слеті мен интеллектуалдық ойыны өтті. Сондай-ақ, 15 жасқа облыс әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығы, 18 волонтерге «Жыл волонтері» сыйлығы табысталды. Басқарманың тағы бір маңызды саласы – мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру болып табылады. Осы мақсатта облыстық ҚХА құрамында 11 этномәдени бірлестіктер, аудандарда 5 этно бағыттағы үкіметтік емес ұйымдар және 9 қоғамдық құрылым жұмыс атқарады. Айта кету керек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Әділетті Қазақстан – даму мен бірегейліктің негізі» тақырыбында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХV сессиясы өткізілді. Сонымен қатар, өңірде 1057 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 400-ге жуығы аймақтың рухани-мәдени бағытына өз үлестерін қосуда. Сәйкесінше, былтыр мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының үкіметтік емес ұйым өкілдерімен 23 кездесуі ұйымдастырылды, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Брифинг барысында басқарма басшысы өңірдегі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бойынша да атқарылған жұмыстарды баяндады. Айтуынша, тілдерді оқыту орталығының «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы» әдістемелік құралы республикада үздік деп танылып, өзге өңірлеріне таратылды. Сондай-ақ, «Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің лингвистикалық базасын қалыптастыру» әлеуметтік жобасы аясында жергілікті филолог ғалымдардың жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесімен монография-анықтамалық пен «Тағам атауларының сөздігі» баспадан шығарылып, кәсіпкерлерге, қала, аудан әкімдіктеріне, кітапханаларға, оқу орындарына таратылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!