Елімізде жастар театры немесе соған теңестірілген үйірме, бөлімдер жетерлік. Бірақ арнаулы театр аты мен статусын алып, елімізде екінші болып Астанадағы жастар театрынан кейін мемлекет қолдауымен ашылған театр – Қызылордадағы жастар театры. Әрине, біреу білсе, біреу білмес. Әйтсе де, осыдан 8 жыл бұрын үйірме ретінде ашылып, қалың көрермен алдына алғаш шыққан ұжым үшін биылғы жыл қуанышты жаңалықпен басталды. Шағын ұжым театр статусын иеленді және жаңа басшы тізгін ұстады. Белгілі айтыскер ақын, Сыр елінің біртуар перзенті Нұрмат Мансұров тағайындалған болатын. Өнер өлкесінде өзіндік орны бар жас актерлермен тілдесіп, елдік деңгейде мәселелерді көтеруге тырыстық.


Режиссер шеберлігіне көп нәрсе байланысты

Театр таяуда ғана Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына арналған шараларды түйіндеп, қорытындылап, елдің, халықтың ұлына айналған алып тұлғаның өмірін жастарға үлгі ретінде көрсетті. Сол іс-шара көрермен көңілін бір серпілткен еді. Әсіресе, «Өнер – тектің тірегі» атты этно-ретро концерттегі көрерменнің сезімі ерекше болды.
– Бұл концерттің өн бойында 1936 жылы Мәскеуде өткен Ecado көрініс тапты. Жыр алыбы – Жамбылдан бастап, Дина Нұрпейісова, Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова тәрізді қазақтың біртуар қайраткерлерінің образы көрермендердің ортасында отырды. Қазақ өнері қаймақтарының өнері мен шығармашылығын дәл алдында отырып, тамашалады. Тіпті зал мен сахнаның безендірілуі, музыкалық көркемдеуінің өзі бір ерекше. Көрермен қиялы Мәскеуге кетіп қалды. Мұның барлығы режиссер мен көркемдік жетекшінің қиялының жүйріктігінің арқасы, – дейді жастар театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Бексұлтан Орынбасаров.

«Көрерменнен екі қадам алда болуымыз керек»

Иә, біз жастар театрының бір ғана қойылымын тілге тиек етіп отырмыз. Аталған ұжымның 8 жылдан бері киелі сахнаға алып шыққан қойылымдары қаншама?! Бүгінде театр ұжымына 14 актер қажет болса, әзірге оның жартысы ғана жұмыс істеуде. Қалғанын алдағы уақытта ұжымның таңдауымен кастинг арқылы қабылдана бермек.
…Біз барғандағы ұжымның дайындығы қызу жүріп жатыр екен. Актерлардың образ сомдаудағы ерекшелігі де көңіліңді марқайтып тастайды. Құдды бір қойылымды көрермен алдында қойып отырған сыңайлы.
«Шығармашылық адамы көрерменнен екі қадам алда жүру керек» деген бар», – деп бастады әңгімесін Оңталап Нұрмаханов. Жастар театрының көркемдік жетекшісі ретінде алда талай асулар бар екенін айқын аңғартты. «Жастар театры әлі қалыптасу дәуірінде. Ендігі мақсат – республика деңгейіне өзімізді таныту, бар екенімізді білдіру. Бүгінгі көрерменнің талғамы қалай, олар нені қалайды, қандай қойылым көргісі келеді – сол талапқа сай болуымыз керек. «Күлтегін-Тоныкөкті» жазып бітірдік, «Құрыш қазақ» жазылу үстінде. Алда осы туындыларды сахналаймыз. Қазір болмашы қиындыққа көшеге шығып, ұрандай салатын, өз-өзіне қол жұмсайтын қоғамға кезінде екі аяқсыз да әлемді мойындатқан Зейнолланың өмірін көрсетеміз. Бүгінгі жастарды жігерлі, қайратты ету үшін осындай үлгілі туындыларды шығарамыз, – деді көркемдік жетекші.

Мықты мамандарға мұқтаж

Мектептің жүрегі мұғалім болса, театрдың жүрегі – актер. Әрине, көркемдік жетекші, режиссерлардан кейінгі. Қайсыбір туындыны болса да сәтті алып шығып, өз деңгейінде орындап, автордың ойын көрерменге түсінікті тілде әрекетімен, өнерімен жеткізетін осындай мықты мамандар бізде жоқтың қасы екені жасырын емес. «Сыр елі – өнер ордасы» десек те, театр ұжымы мықты мамандарға мұқтаж екенін жасырмайды.
– Біздегі бірінші орында – кадр мәселесі. Еліміздегі маңдайалды өнер академияларынан облыстарға, аймақтарға мамандарды келтіру қиын. Аз ғана уақыт бұрын кастинг жасап, осы өңірдегі талантты жастардың басын қостық. Бірнеше маманды жұмысқа алдық. Десек те, әлемдік деңгейдегі классиктердің туындыларын сахналау үшін бізге өз ісінің хас шебері керек. Театр бұған дейін де жұмыс істеді, қазір жаңару үстінде. Бұрын да жақсы-жақсы қойылымдар қойылды. «Қыз қасқыр», «Неге?», «Олимптің күйреуі» секілді қойылымдар болған. Қазір Төлен Әбдіковтің «Оң қол» деген мистикалық драмасын осы қаңтар айында қойғалы жатырмыз. Одан кейін «Махаббат бар ма?» атты комедия кезек күтіп тұр. Өзбектің «Сүйе білсең», «Қызыл алма» деген де комедияларын көрерменге ұсыну ойда тұр. Көрермен тынығып, демалып қалатындай туындыларды сахналағымыз келеді, – дейді режиссер Берік Ахмед.
Режиссер болашақта актерлардың сырт қалаларға, басқа мемлекеттерге шығып, тәжірибе алмасуына, таным көкжиегін кеңейтіп, кәсіби бағытта биіктеуіне мүмкіндік туып тұрғанын және мұндай мүмкіндіктерді жіберіп алмау керегін айтты.


Әдебиеттер жайы қиындық тудырады

Театрдың шикізаты – драма. Ұжым сол шикізатты өңдеп, дайын өнім етіп көрерменге даярлайды. Міне, қарапайым логика осында жатыр. Әйтсе де, әлемдік деңгейде театр мамандарының үлкен бір қиындығы бар. Ол – осы дәуірдің драмалық шығарма жазатын қаламгерлерінің аздығы. Тіпті, әлемдік деңгейдегі классиктердің туындыларын, актерлардың көмекші құралдарын қазақ тіліне аударатындарды тіптен саусақпен санайсыз.
– Бұл – үлкен мәселе. Бізде қазіргі таңда сахналайтын шығармалардан бөлек, Станиславскийдің, Чеховтың актерлық шеберлік жайлы жазылған кітаптарының қазақша аудармасы жоқ. Менің кеудемдегі үлкен армандардың бірі – осы: жас таланттардың бағыт алуына көмекші құралдарды қазақ тіліне аударғым келеді. Егер осындай әдебиеттер болса, актерлардың барлығы кәсіби түрде білім алып шығар еді…, – дейді Б.Ахмед.

Өз алдына дербес сахна болса…

Жастар театрының үйірме ретінде ең алғашқы сахналаған қойылымы – Қанат Жүсіповтің «Алғашқы махаббат» шығармасы. Аты үйірме болғанымен, заты театрға көбірек келді. Өйткені үйірмеден әлдеқайда жоғары деңгейде сахналаған мамандардың шеберлігін көрермен қауымның көпке дейін айтып жүргені есте. Содан бері әр түрлі жанрдағы он шақты спектакльді сахнаға шығарған Жастар театрының қоржынын тарихи драмалар, комедиялық спектакльдер және патриоттық бағыттағы қойылымдар толықтыра түсті.
– Біздің ерекшелігіміз сөзге емес, іс-қимылға, биге, хормен көркемдеуге көп мән береміз. Әлі де толысатын тұстарымыз көп. Шеберлігімізді шыңдауымыз керек. Биылдан бастап, еншімізді алып, театр ретінде құрылып жатқан соң мүмкіндік мол болатынына сенеміз. Тек Қазақстан ғана емес, әлем елдеріне де танылғымыз келеді. Сыр театр өнерін дәріптеуде көп еңбек еткіміз келеді. Осыған дейін көптеген қосымша жұмыстың бәрін өзіміз жасайтын едік. Енді әр істің өз маманымен толығып жатырмыз. Бұл актерлардың дайындық уақытының молаюына ықпал етеді. Енді жеке өз алдымызға дербес ғимарат, дербес сахна болса, жастар театрының алар асуы да асқақтай беретініне сеніміміз кәміл, – дейді театрдың труппа жетекшісі Әлмұхаммед Алдажаров.
Иә, сіз театрға барғанда 1-2 сағат тамашалайтын қойылым үшін ұжым 6-7 айға дейін, тіпті бір жылын сарп етіп, дайындалуы мүмкін. Бірнеше сағатта сол маңдай тердің бағасын беріп кететін көрермен – актерлар үшін құнды. Ендеше еселі еңбек те құрметке лайық болу керек.


Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!