Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін Сыр жастары жоғары деңгейде қарсы алды. Қазақы қалпымыздан ажыратпай, тарихтың тамырынан бастау алатын ұлық мереке қарсаңында Сырдарияның сол жағалауы тұрғындарына арналған «Төрлет, Наурыз» атты ме­ре­келік кеш өтті. Сал­танатты шарада ұлттық құндылықтарымыз төрге шығып, жастар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті.
«Наурызда тоқ болсаң, жыл бойы тоқ жүресің» деген қазақ осы ұлық мерекені молшылықтың бастауы санайды. Дәмі тіл үйірген Наурыз көжені жұртшылыққа ұсынып, халықтың қуанышымен бөлісті. Ұлық мерекені халықпен бірге тойлауға келген об­лыстық қо­ғамдық даму бас­қармасы бас­шы­сының орын­басары Артур Қам­баров Сыр халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, тәуелсіз Қазақстанның абырой-даңқының асқақтауына, еңбектердің еленуіне тілектестігін білдірді.
– Күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, Жер-Ананың бауыры жібитін қастерлі мерекемен құттықтаймын. Шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңейіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл мереке халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі саналады. Сонымен бірге, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елімізде айтулы оқиғалар болуда. Күні кеше саяси науқанды өткеріп, ел болашағы үшін өз таңдауларыңызды жасадыңыздар. Осы жыл бәріміз үшін құтты, берекелі жыл болсын, – деді Артур Раушанбекұлы.
Шара барысында қазақтың ұлттық дәстүрі – тұсаукесер рәсімі, «Бауырсақ Party», мерекелік концерт ұйымдастырылып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархан жайылды. Жиылған халық тұсаукесер рәсімінен кейін мерекелік көңіл-күйде ыстық бауырсақтан, қала түрғындарына арнайы әзірленген ыстық палау және өзге де ұлттық тағамдардан дәм татып, мәре-сәре күйде болды.
Шара аясында Наурыз мерекесі қарсаңында еліміздің жастар саясатының дамуына, ақпараттық және кәсіпкерлік салада қолдау білдіріп, белсенді жастардың жұмысын үйлестіріп жүрген бірқатар жас облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Наурыз – ұлттық болмыстың айшықталып, құндылықтардың қайта жаңғыратын күні. Дәл осы мақсатта ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды. Жастар мен балалар арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру секілді ойын түрлерінен сайысқа түсіп, жеңімпаздар марапат мінберіне шықты.

«АЖ» ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!