Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының облыстық тілдерді оқыту орталығы мен Қызылорда облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастар және тіл» тақырыбында ашық пікір алаңы өтті.
Мемлекеттік тіл саясатын дамыту, тіл мәдениетін қалыптастыру және жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін арттырып, тіл тазалығын сақтауға шақыру мақсатында өткен шараға Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Раушанбекұлы модераторлық етті. Сондай-ақ, қоғамға жанашыр аға буын өкілдері, тіл жанашырлары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен белсенді студенттері, этномәдени бірлестік өкілдері, көшбасшы жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
«Бүгінде тіл мәселесі қоғамның өзекті түйткілге айналып тұрғанын бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде айтылып, жазылып жүрген пікірлерден білуге болады. Әсіресе, жастармен сөйлесу, түрлі қосымшалар арқылы хат-хабар алмасу кезінде қолданатын сөздерінің арасында тіл тазалығын ластайтын сөздерді өзіміз де байқап жүрміз. Бәріміз ортақ шаңырақ астында өмір сүргенімізбен, жергілікті сөздердің өзін кейде түсінбей жатамыз. Бұл ортаға жаңа заманның жаңа жастарының «тренд тілі» қосылса, мәселенің ара-жігі қалай шешіледі? Осындай мәселелермен күресу үшін жастарға қандай бағыт-бағдар беруге болады? Бәлкім, жастардың көп қызығушылық танытатын ІТ саласына қазақ тілін енгізудің маңызы зор ма? Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін жастар қай бағытта қандай үлес қоса алады? Бүгінгі ашық пікір алаңында осы сұрақтарға жауап іздеп, бірқатар мәселелер қамтылады», – деді Басқарма басшысының орынбасары А.Қамбаров.
«Ted X» форматында өткен кездесуде Қызылорда облысының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанындағы «Ақиқат» пікір-сайыс клубының жетекшісі Айжан Бекзатқызы «Сахнадағы сөйлеу мәдениеті» тақырыбында сахнада өзін-өзі ұстау, киіну, сөйлеу, көрерменді сыйлау дағдысында сөз қозғап, замандастарын сахна төрінде сөз әдебі мен мәдениетін сақтауға үндеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!