Саяхаттау жаһан жауһарына көз жүгіртіп, әлем сұлулығына сүйсінуге, сырына үңілуге, тарихын тануға мол мүмкіндік береді. Дүние жүзін дүрбімен барламай, әрбір мемлекеттің тынымсыз тіршілігіне еніп, әдет-ғұрпы һәм салт-дәстүрімен танысып, мәдениетіне мән беру мақсатында саяхаттаудың орны бөлек. Өмірдің мәні – қозғалыс пен ізденістен, еркіндікте тыныс алып, бақыт құшағына бөленуден тұрмай ма? Ендеше, дүниетанымның діңгегін қалап, тұмса табиғаттың әр бөлшегінен сүйіспеншілік көре білу өмірге шексіз ғашықтықты білдіреді. Осы тұста жиһанкез әрі психолог Динара Болатпен әдемі әңгіме өрбітуге тырыстық.
– Сәлеметсіз бе, Динара? Сіздің жыл сайын саяхаттауды жоспарлап, бірнеше елге барғаныңызды білеміз. Талғамыңызға қарай таңдау жасайсыз. Жалпы, сіз үшін саяхат деген не?
– Мен үшін саяхат – бұл кең дүниені, әлемді тану. Бізге берілген ғұмыр, әлем өте кең, өте үлкен. Мұның барлығы адам көрсін, зерттесін, түсінсін және ой түйсін деп жаратылған. Сондықтан, біз оны көруге, тануға ұмтылуымыз керек. Бір орында қалу, бір ауылдан, бір қаладан, бір елден шықпай кеткен адамдар көп. Меңінше, саяхат та, әлем де біз үшін қызмет етеді. Сондай-ақ, біздің ой-өрісіміздің дамуы мен тұлға болып қалыптасуымызға септігін тигізеді.
– Грузияға деген шексіз махаббатыңызды білеміз. Ғажап көрінісінен бөлек ол мемлекет сіз үшін несімен ерекше, қалай баурап алды?
– Біріншіден, Грузия – көрші ел, қолжетімді ел. Сонымен қатар, маған халқы ұнайды. «Елімізге турист келді, пайдаланып қалайық, ақшасын сыпырып алайық немесе бағаларын қымбаттатып айтайық» деген арам пейілдері болмайды. Адамгершілігі зор халық. Қысқасы Грузияның табиғатына, әсіресе тауларына ғашықпын.
– Әр сапарыңыздың көңіл көкжиегінде, жүрек түкпірінде ерекше орын алатыны белгілі. Дей тұрғанмен есті естелігімен есте қалған сапарыңыз қайсы?
– Жалпы, көп саяхаттарды мерекеге, арнайы бір өзінің маусымына байланыстырып барғанды ұнатамын. Көңіл түкпірінде қалғаны – Жапонияның күзі, Үндістандағы «дивали», Франциядағы «рождество» мерекелері, Америкаға өзіміз көлік жалдап, еш тіл білместен және жол білместен оны аралауымыз, жаяу жүріп барлық жерін көруіміз ерекше есте қалды.
– Сүйіспеншілік пен сұлулықты үйлестіруде үлесіңіз зор. Әсем табиғатымен әсерге бөлеген ел мен қаланың кішігірім тізімін жасасаңыз.
– Табиғатпен тамырлас адаммын. Сондықтан, табиғаттың ортасында демаламын. Саяхаттау үшін Оңтүстік-шығыс Азиядағы тропикалық елдерді жөн көремін. Сүйікті елім – Индонезия, Тайланд. Әлі Қытайды да толық аралап, көргім келеді. Себебі, жері үлкен, табиғаты алуан түрлі. Алайда, табиғаты тамаша деп нақты бір қаланы атау қиын. Өйткені, елдің ішінде белгілі бір ауылдар да әсемдігімен көз тартады.
– Алғаш шаршап келген саяхатыңыз Египет екен. Неліктен?
– Шынымен де алғаш ұнатпаған елім – Мысыр мемлекеті. Себебі, өмірде адалдықты бағалаймын. Ал, пайдакүнемдікті, табысты алға қоятын адамнан да, елден де өзімді алыс ұстауға тырысамын. Египеттен байқағаным – осы. Ұнатпай, енді келмеспін деп шешімге келуім содан. Бұл жерде «қонақ тағы да келсін, барлық жағдайды жасайық, шын көңілмен қарсы алайық» деген ниет байқалмайды. Бірінші және соңғы келіп тұрған туристей қарайды да, өз қызметтерін тықпалап, не болмаса алдап, екі-үш есе бағасын қымбаттатып айтады. Адамның білмейтіндігін де пайдаланып қалуға тырысады.
– Көпшілікке саяхаттау үшін қай елдерді ұсынар едіңіз? Жас саяхатшылар алдымен нені ескеру керек?
– Мен халықтың, адамдардың қалауын білмеймін. Сондықтан олардың бірі теңізді жақсы көруі мүмкін, енді бірі танымдық саяхатты, бәлкім, экстрималдық саяхатты жақсы көретін шығар. Мүмкіндігінше, адам көбірек саяхаттау керек. Соған мақсат қойған жөн. Тіл білмеу – кемістік, кемшілік емес. Жастарға айтарым, қазіргі заманның мүмкіндіктерін, түрлі пайдалы қосымшаларын меңгерген дұрыс. Интернеттен ізденіп, өзі тауып, өзі жоспарлағаны әдемі болады. Бір ескеретін жағдай, барған еліңізде еркіндікке салынып, шамадан тыс тентектік жасаудың қажеті жоқ. Барған елді сыйлау, қоғамдық тәртіпті сақтау маңызды.
– Оқырманға айтар жылы лебізіңіз.
Әдемі ғұмырдың иесі болыңыздар!
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!