Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанаты, мен жастарға сенемін!» деген жастарға арнаған жалынды сөзі қанша заман ауысса да мәні мен маңызын жойған емес.

Иә, жыл өткен сайын өркениеттің көшінен қалдыр­майтын, ұлтты ұшпаққа шығарар жастарға даңғыл жол салынып жатыр. 180 мыңға жуық жастары бар аймағымызда маңызды әрі жастардың сұранысына сай бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Қолдауы көп өңірде апта басында «Жасампаз шақ жастық шақ» атты облыстық жастар форумы өтті. Оған талапты да талантты жастар жиналды.
Аймақ жастарының барлық салада жетістіктері жетерлік. Биыл олардың сүйіншілейтін жаңа­лы­­ғы көп болды. Атап айтсақ, бел­гілі шах­мат­шы Әсел Се­рік­бай жуырда Италия елі, Сар­ди­ния қала­сын­да өткен Әлем чемпионатынан кү­міс медаль иеленіп, об­лыс бойынша ең алғаш болып «гроссмейстер» атағы­на қол жеткізді. «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Медиа» бағыты бойынша жеңімпазы қызылордалық Айсана Намурадин. Бұл Қызылордада білімнің көкжиегі кең екенін көрсетеді. Өнер саласында Яна Ким әлемнің 39 елінен 7 жастан 60 жасқа дейінгі суретшілер қатысатын Лондондағы халықаралық суретшілер көрмесіне шақырту алып, өнердің өңірде ұлық екенін байқатты. Міне, осындай жағымды жаңалықтар Қызылорда жастарының оқ бойы озық екенін аңғартады.
Форумға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев осы жетістіктерге тоқталып, жастардың дамуына байланысты жан-жақты қолдау мақсатындағы 10 бастаманы баяндады.
– «Біз билік институттарының және дарынды, белсенді жаңа буын өкілдерінің өзара ықпалдасуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Ол үшін біз жастар саясатының тұжырымдамасын қайта қарастырамыз, яғни «Жастар үшін» қағидатынан «Жастармен бірге» қағидатына көшеміз» деп Мемлекет басшысы баяндағандай, біз жастардың қабілетін толық жүзеге асыруы үшін әлеуметтік-экономикалық тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында маңызды шараларды атқару қажет деп санаймыз, – деді облыс әкімі.
Бастаманың алғашқысы жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге қатысты. Өйткені баспана мәселесін шешу мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Сондықтан облыс жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын қабылдау керек екенін аймақ басшысы жеткізді.
Өңірде Әсел Серікбай секілді таланттарды шығару мақсатында шахмат академиясы құрылады., Сонымен қатар аймақ басшысының бастамасына сәйкес, белгілі математик Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер байқауы келесі жылдан бастап халықаралық деңгейде ұйымдастырылады.
Облыстық бюджет есебінен студенттер қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге мүмкіндік алмақ. Бұл облыс орталығында студенттердің қатарын көбеютуге зор мүмкіндік болмақ.
Биыл 80 жасқа толған Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековтің құрметіне шаһарда «Жас сәулетшілер мектебін» қалыптастыру ұсынысы қолға алынды. Қаланы қақ бөлген Сырдария өзені жағалауы бойынан «Жастар жағалауы» қалыптасып, абаттандыру жұмысы жүргізілетін болды. Сондай-ақ оқуға ынталы жастар үшін жыл сайын бөлінетін облыс әкімінің білім гранты қажетті жаңа мамандықтарға бағытталады және білім алушылар әлемнің маңдайалды оқу орындарында тәжірибесін арттыруға мүмкіндік алады. Мемлекеттік бағдарламалар негізінде «Мүмкіндіктер керуені» акциясының ауқымы кеңейеді. Аймақ басшысы бастаманың түйінін NEET санатындағы жастардың санын азайтуға бел буу қажетін тарқатты. Нұрлыбек Нәлібаев бұл мәселені «жастар ресурстық орталығына» ғана жүктеп қоймау керек екенін айтып, барлық белсенділерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Форум аясында өңір белсенділерінің ұсыныс айтуға мүмкіндігі туды. Аймақта балаларға арналған алғашқы киностудия – «Aslan films» келер жылы облыстың 85 жылдығына жаңа туынды ұсынғысы келетінін жеткізді.
– Киноиндустрия жыл өткен сайын қарыштап келеді. Десек те өңірде бұл сала әлді дей алмаймыз. Қазір бұл олқылықтың орнын «Aslan films» толтыруға атсалысып келеді. Саланы дамыту үшін 6-18 жас аралығындағы жастарға арнайы актерлік курс ашып, болашақ актерларды тәрбиелеп жатырмыз. Арнайы курстан өткен оқушылар киноларға түсіп, тәжірибелерін шыңдап жүр. Келер жылы белсенді жастардың басын қосып, облысымыздың 85 жылдығына орай, көркем фильм түсіру басты мақсатымыз, – деді киностудия директоры Жасұлан Алдабергенов.
Жиынға қатысушы белсенді жас Нарбота Серәлі форум арқылы жастардың түйіткілді мәселелері талқыға түсіп, шешуге мол мүмкіндік сыйлайтынын айтты.
– Белсенді жастар форумы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Желісі үзілмеген игі шара биыл да жалғасын тапты. Осы шара арқылы жастарға қатысты түйінді мәселелермен танысуға болады. Өңірімізде жастар саясатына байланысты атқарылып жатқан шаралар талқы таразысына салынып, жастардың жұмысқа орналасуы, өмірден өз орнын табуы секілді мәселелер қозғалады. Жалпы форумның жастарға берері көп деп есептеймін, – деді ол.
Сонымен қатар маңызды шарада Сыр жастарының жетістіктерінен арнайы көрме, талантты және шығармашыл жастардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, «Жас ғалым-2022» облыстық байқауының жеңімпаздары мен белсенді жастар марапатталды.
Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!