Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Парламентінің сенаторы:
2013 жылы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы бір топ белсенді жастармен кездесті. Кездесуде Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жандос Базартайдың ұсынысымен жас тілші Гүлбану Мақажан аймаққа жастар басылымы керек деді. Жастар мәселесіне жіті назар аударатын Қырымбек Елеуұлы барша Сыр жастарының атынан айтылған ұсынысты қабыл алып, дүйім жастың көзінше, қаржылай қолдау білдіретінін айтып, Гүлбануды сол жастар басылымына басшылық қызметке шақырғаны әлі есімізде. Санаулы адамнан құрылған ұжым алғашқы қиындықты еңсеріп, бірнеше жылдан бері өзінің қажеттілігін дәлелдеді. Жастардың іздеп жүріп оқитын сүйікті басылымына айналды.
Жастар үшін ашылған басылым, дарынды, ұшқыр ойлы бірнеше буын жастарға тәрбие берді. Жазылған әрбір мақалада жастардың ойы мен пікірі, талабы мен тілегін қаузап, қоғам дамуына, жастар саясатының жүйелі жүзеге асуына елеулі үлес қосып келеді. Өзекті мәселелер орынды көтеріліп, журналистік зерттеу, талдау мен нақты ақпарат бәрі де газеттен табылады.
Жастар басылымы тек жастардың тыныс-тіршілігін жазып қана қоймай, жалпы халықтың жағдайын, әлеуметтік-экономикалық дамуын, мәдениеті мен руханиятын жазып, жақсылықтың жаршысы, ықпалды пікірі бар басылымға айналды. Сегіз жылдық тарихы қалыптасып, аймақтағы басылым беделі артып келеді.
«Ақмешіт жастары» газетінің ұжымын және барша оқырмандарын басылымның туған күнімен құттықтаймын! Шығармашылық табыс тілеймін! Елімізде жазғаны дөп, оқырманы ең көп басылым болуына тілектеспін!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!