Qosyl қалалық жастар ресурстық орталығы өз жұмысын тұрақты түрде жүргізуде. Былтырдан бері тізгінін қолына алған белсенді жас Сабыржан Кеңшілік креативті идеяларды жүзеге асырып келеді. Жастарды қызықтыратын конкурстың түр-түрін осы жақтан көруге болады. Мұнымен қоса жастар үшін тегін курстар қарастырған. Аспаздық дерсіз, тіл білуге машықтану т.б. осы орталықтан үйреніп шығуға мүмкіндік бар. Оның үстіне арнайы психолог маман жастарға септігін тигізуде. Бүгінде жаңа кадрмен толыққан орталықтың басты міндеті – ауылдық жастармен тікелей жұмыс істеу. Олармен етене танысып, бетпе-бет кездесу. Мәселесіне үңіліп, шешімін табуға бірлесе атсалысу.
Бүгінде жастар арасында шаралар жиі өтеді. Карантин кезінде жастардың уақытын тиімді пайдаланып, қызықты дүниелер ұйымдастыру олар үшін оңайға соқпады. Көше кезген жігіттерді түзу жолға салып, қоғамға бейімдеу де олардың күнделікті тірлігі. Ал ұйымдастырушылық қай салада да басты орында. Бұл қызметті – Бекен Ғалымжанұлы атқарады.
Ол Арал ауданының тумасы. Қорқыт ата атындағы университетте Педагогика және психология мамандығында білім алған. “Qosyl” жастар ресурстық орталығына келгеніне жарты жыл уақыт болды.
Жыл басталғалы жоспар құрып, ұзын-сонар тізім жазатынымыз белгілі. Бекен де өткенге көз жүгіртіп, болашаққа болжам жасады. Оны ақ параққа түсіріп, біртіндеп жүзеге асыру ойында бар. Соның бірі әлеуметтік желі қолданушылары яғни блогер, вайнер, тиктокер жастардың басын қосып, жаңа ұйым құру, жастарды жан-жақты дамытып бағыт-бағдар беру. Орталықта ұйымдар өте көп. Олардың бірі 20 жылдық тарихы бар “Ұлағат” ұландары, “Ақиқат айнасы” пікірсайыс ұйымы, Жайдарманшылар, Альянс ұйымы, KazRobotcs және тағы да басқа үйірмелер қарқынды жұмыс жасауда.
Бақсаңыз, кей шараға жастар мәжбүрлі түрде барады. “Шыға алмай жатырмын, тізіммен тексеріп кіргізді” деген сөздерді де жиі естиміз. Ал жастар арасында шараның көп өтетіні де белгілі. Бірде бір колледж студенттері қамтылса, енді бірде келесі колледж студенттері келеді. Ал қалалақ жастар ресурстық орталығында бұл жүйе қалай жүзеге асады? Бұл сауалды ұйымдастырушы Бекеннен сұрап көрдік.
– Біздің іс шаралар онлайн және офлайн форматта өтеді. Офлайнға келер болсақ, барлық карантин талаптарын сақтап, маскалық режимде өткіземіз. Жастар да оны қолдайды. Қазіргі жастар өте белсенді, өткізілген әрбір шарада бой көрсетуге тырысады. Біз ешкімді мәжбүрлемейміз, қайта риза болып қайтқандарын көреміз. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде “Qosyl” жастар орталығы десеңіз, біз белсенді қызмет етудеміз. Әрбір шаралар туралы хабарландыру шығарылады. Көргендер ерікті түрде келіп қатысады, – дейді ол.
Жастардың instagram парақшасын қарасаңыз, “мынау шынымен өзі ме” деп таң қаласыз. Себебі неше түрлі образға кіріп, адамның көңілінен шығатын, ой саларлық баннерлер түсірген.
– Жастар орталығы жастарға өте тиімді мекен десем болады. Қазіргі таңда жастар көбіне видео түсіреуге құштар, оларға арнайы видео түсіретін студия аппараттары бар және спортқа құмар жастарға үстел теннисі, өнерге құштар жандарға гитара бар, айтпағым, өлең жаздырғысы келетін жандарға да жағдай жасалған. Иә бұл менің жоспарымда бар. Жастарға үлгі болып жүрген, осы блогерлік өмірде жетістікке жеткен жандармен кездесу ұйымдастырып, олармен пікір алмастырсам, – дейді ол өз сөзінде.
Кинотеатрлардың біршама уақыт бойы жабық тұрғаны белгілі. Одан қалды билет бағасын шарықтатып жіберді. Бұл студенттер үшін қиынға түседі. Мұны ескерген орталық оқу орындары мен мектеп оқушылары үшін тарихи кинолар көрсетіп тұрады. Алдағы уақытта кинотеатр жұмысын жандандыру назарға алынған.
Бүгінде жастардың талғамы жоғары. Анау-мынау нәрсені менсіне бермейді. Смартфонның түр-түрін ұстайды. Оның үстіне айфон маркалы телефон барлығында бар. Сосын сурет пен видеоға түсудің өзіндік ерекшеліктері бар. Оларға мұқият мән береді. “Жан-жақты өткізуге тырысамыз, спорттық шара қызық, интелектуалды сайыс болса да, өнерді де құр қалдырмаймыз. Соғыс ардагерлерімен кездесу ұйымдастырып жатырмыз, тек бізден жастар керегін сұраса, біз барлық жағдайды жасауға тырысамыз”, – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде жастар арасында ұйымдастырылған қандай шара болса да өзекті. Көбіне көп отбасын құру, кәсіп бастау, өмірлік ұстанымынан айнымау өзекті тақырыптар легінде. “Шара өткізгенде жастар риза болса және өздеріне керекті кішкене болсын ақпарат, көкейлерінде жүрген сұраққа жауап тапса, бастысы осы”, – дейді Бекен Жамбылов.
“Қазіргі жастың көңілінен шығу оңай емес” дейді ол. Рас жастар тың идеяны ұнатады, талапты да күшейткенді жөн көреді. Жастардың көңілінен шығу үшін көп ойланып, көп толғануға тура келеді. “Видео түсіру, монтаждау әлеуметтік желіні игеру. Бұл, бір жағынан, дұрыс та шығар. Себебі қазіргі заман талабы осы. Біз шара өткізер болсақ, міндетті түрде жастарды ең алдымен өзімізге тартуға, қызықтыруға тырысамыз. Оларға пайдалы жағын түсіндіреміз. Қажет болмаған жағдайда қинап ұстағанның еш пайдасы жоқ. Жасандылық бізге тән қасиет емес”, – дейді Бекен.
Өткізілетін шара көп. Тіпті тізімінен шатасасыз. Біреуі бітіп жатса, екіншісі басталып кетеді. Сосын осының бәрі “көз бояушылық емес пе?” деп тағы ойланасың. Сөйтіп жүргенде шаралар тек қағаз жүзінде өтетіндей көрінеді. Әрбір шараның маңызына үңіле келе, бұл ойымыздың бұрыс екенін де түсінеді екенсің. Сонымен ұйымдастырушылықтың қыр-сырын Бекен секілді білікті мамандардан білдік. Қай шара болсын, бастысы, аудитория жинау. Оның жасы, саласы әрине маңызды. Бір саланың адамын екінші саланың жиналысына қатыстыра алмайтынымыз рас. Бекеннің көп идеяларымен қанық болдық, Сабыржанның да фейсбуктегі белсенділігіне көз жүгіртсек, жастарды жігерлендіретін тың жобалар күтіп тұр. Олай болса, іске сәт!
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!