Сабыржан КЕҢШІЛІК,

қалалық «Qosyl» жастар ресурстық орталығының

директоры:

Биыл «Qosyl»-дың қатарына қосылғандар көп. Дерек­терге сүйенсек, мұнда келушілер саны өткен жылға қарағанда үш есеге өскен. Бұл – үлкен жетістік. Бұдан бөлек, кезекті сұхбат барысында жыл көлемінде атқа­рылған жұмыстар қорытындыланып, жақында үздік те креативті жастарға «Самғау» сыйлығы табыс­тала­тынын білдік. Қала жастары бізді тағы қандай жаңалықтарымен қуантты?

– Сабыржан, алдымен жастарға қатысты басты тақырыптарды талдасақ. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев NEET санатындағы жастар санын жылына кем дегенде 1 пайызға азайтып, 2021 жылға 6 пайызға дейін төмендету туралы жоспар міндеттеген еді. Біздегі ахуал қандай?

– NEET деген түсінікке енетін адамдардың статусы құбылмалы. Білімін арттырмаған, жұмыссыз жастардың саны соңғы мәлімет бойынша 1900-ге жуық. Бұл көрсеткіш Қызылорда қаласын қамтиды. Тапсырма бойынша біз үй-үйді аралап, халық санағын жасап отыруымыз керек. Оған қала әкімдігі толық күш жұмсағанның өзінде орталықтағы жастардың әлеуеті жетпейді деп айтар едім. Егер біз барлық күшті тек осы іске бағыттасақ,өзге жұмыстар ақсап қалады. Сондықтан бастапқы қадамды шағым көп түсетін аудандарды аралаудан бастадық. Үй-үйді аралау жұмыстарына орталық мамандары және еріктілер атсалысты. 50-ге жуық адам Тасбөгет кенті аумағын аралады.«Ақмешіт» және «Мерей» мөлтек аудандарында 1000-ға жуық үйге барды. Нәтижесінде 60-қа жуық NEET санатындағы жастар анықталып отыр. Ол – орталық тізімінде жоқ, облыстық білім басқармасындағы колледждерден тыс қалған, мектеп бітірген соң әскерге бармаған, атап айтқанда ресми тізімде жоқ азаматтар.

Ендігі кезекте олардың қайта даярлау курстарынан өтуіне мүмкіндік жасалады. Бұл ретте орталық мамандары оффлайн курстар өткізуді қолға алды. Оның ішінде заманауи кондитер ісі, шаштараз және цифрландыру бағыттары қамтылған. 60-қа жуық жас аталған курстардан өтіп, шеберлігін шыңдады. Кондитерлік бойынша қатысқан жиырма жастың 4-еуі өз ісін бастап, қазір үйде отырып, тәттілер дайындаумен айналысуда. Шаштараз ісі бойынша 5 жас жұмысқа орналасты. Осындай кішігірім жобалардың өзі жастарға мүмкіндік сыйлауда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасады.

– Кибербуллинг. Бұл тіркес бізге шеттен келді. Оның көздеген мақсаты қандай және қазір оның қандай түрлері белең алуда? Жаңашыл жас ретінде кибербуллингпен күрестің жолы қандай деп ойлайсыз?

– Балаға психологиялық қысым көрсету мәселесі өзекті. Бұлай дейтініміз, БҰҰ-ның елімізде жүргізген зерттеуі нәтижесінде балалардың басым бөлігі сәби күнінен бастап кемсітуге тап болатыны анықталған. Ал соңғы жылдары сандық технологиялардың дамуына байланысты балаларға қатысты зорлық түріне кибербуллинг, яғни онлайн қорлау қосылған. Мамандардың айтуынша, оның құрбаны – көбіне жасөспірімдер. Сондықтан біз психологиялық тренингтердің кешенін жасадық. Кездесулер, семинар-тренингтер мектептерде оқушылармен емес, керісінше өндіріс және еңбек ұжымдары, ата-аналар шоғырланған орталарда өтті. Себебі ұялы байланыс құралын шектен тыс қолдану денсаулыққа кері әсерін тигізіп қана қоймай, баланың өзіне таныс емес, белгісіз сайттарға кіріп, түрлі топтарға қосылуына, теріс ақпарат алып, санасының улануына әсер етуі ғажап емес. Сондықтан балаға, жасөспірімдерге жиі көңіл бөлу қажет, электрондық құрылғылардан күнделікті не көріп, не үйреніп жатқанын анықтап, баланың неге құмар екенінен хабардар болу әрбір ата-анаға артық етпейді. Кәсіби психолог Сымбат Әбдірахмановамен бірге халықаралық, республикалық жобалар да атқарылды. Бұл – ауқымды тақырып. Сондықтан біз онымен қоғам болып күресуіміз қажет.

– Жастар орталығы жастардың «екінші үйі». Бос уақытын тиімді өткізіп, ой бөлісіп, өзін дамытатын ортасы. Әлбетте, мұндай орталықтан жаңашылдық үзілмеуі тиіс…

– Орталықтың мақсаты – жастардың тұлғалық және әлеуметтік дамуына әсер ету. Сондықтан біз үйірме жұмыстарының жобасын жасадық. 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай би залы ашылды. Қазір мұнда 150-ге жуық жас би залын пайдалана алады. Би үйірмесінің арқасында 14 команда құрылды. Алайда, орталықтан арнайы хореограф бөлінбейді. Біз тек қана оның тазалығына, музыкалық құрылғыларына жауап береміз. Сондай-ақ робототехно­логия үйірмесі ашылды. Оған оқушылардан бөлек колледж, университет студенттерін, IT саласына қызығушылығы бар жастарды қамтыдық. Үшінші үйірме – «11 аймақ». Мұнда арнайы жаттықтырушы жұмыс істейді. Салауатты өмір салтына үндейтін үйірменің арқасында жастар республикалық, облыстық деңгейдегі жарыстарда бақ сынап жүр. Сонымен қатар орталық аумағында гимнастикалық серіппе орналастырылды.

Бұдан бөлек, «Экосана» жобасы қолға алынды. Бұл – волонтерлардың арнайы лагері. Күндізгі лагерде 80-нен аса волонтер 8 командаға бөлініп, арнайы тренингтерге қатысты. Лагерь жұмысы аясында белгілі бір жобалар жазуға талап қойылды. Оған қала әкімдігі, орталық тарапынан шағын гранттар берілді. Олар 180, 150 мың теңге көлемінде болды. Нәтижесінде тазалықшыларға құрмет көрсету, қоқыстарды сұрыптау бастамалары бастау алды. Қала оқушылары арасында «Қалдықсыз қала» жәрмеңкесі де өткізілді. Ол қоқыстан да қажетті дүние жасап шығаруға болатынын байқатты.

 Келер жылы «Көшпелі керуен» жобасын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мақсат – әр ауылға барып, қала жастарының күндері секілді қаладағы мәдени шығармашылық, спорттық ортамен байланыс орнатуға септігін тигізу. Әр ауылдан жастар бұрышын ашу да жоспарда.

– Жылды қорытындылайтын сәт жақын. Атқарылған істің ауқымы қандай?

– Былтырғы жылмен салыстырғанда орталық қызметін пайланушылар саны үш есеге артқаны қуантады. 3600-3800-ден, ғимарат қызметін пайдаланушылар саны 10 мыңға жуықтады. Бұл – 10 айдың қорытындысы. Онлайн көмек берудің тәсілі ретінде @Jumis.bar атауымен инстаграм парақшасы ашылды. Ол арқылы бос жұмыс орындарының тізбегін жастарға ұсынудамыз. Сондай-ақ бүгін жылды қорытындылау шарасын өткізбекпіз. Еңбегі еленген жастар сахна төрінен табылып, «Самғау» жастар сыйлығының иегері атанады.

Сұқбаттасқан

М.Сабыржан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!