Еңбек адамын насихаттау жастардың тиімді мамандыққа ойысуына септесіп, экономикалық әлеуетті көтеруге жол ашары анық. Әсіресе, бұл үрдістің еңбек нарығындағы маман тапшылығын жоюға да көмегі зор. Осы орайда сырбойылық жас Айбек Уәлиев те аталған ойды құптап, жастарды адал еңбектің нанын жеп, ақысын алуға шақырады. «Шаған Жер» ЖШС механизатор болып қызмет ететін ол жуырда Мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеп, ұстанымын жеткізген болатын. Апта басында жас механизатормен тілдестік.
– Айбек Болатбекұлы, жуырда Президентпен жолығып, еңбек адамы және жастарды қажетті мамандыққа баулу төңірегінде ой бөлістіңіз. Кездесуден қандай әсер алдыңыз?
– Мемлекет басшысымен тілдесу кім-кімге болсын ерекше әсер қалдырары сөзсіз. Мен де шағын сұхбат барысында сырбойылық жастардың әлеуеті жөнінде пікір білдірдім. Өз кезегінде Президент жастардың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек екенін айтты. Сондай-ақ боламын деген жасқа әрқашан қолдау көрсетілетінін жеткізіп, ауыл жастарын жұмыспен қамту, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау жалғасатынын тілге тиек етті. Ерекше ұнағаны, Президент кәсіпкерлерді ауылды қолдауға шақырды. Елді-мекен халқы үшін мұндай бастаманың маңызы зор.
– «Шаған жер» мекемесінде механизатор маманысыз. Мұндай мамандыққа бет бұруға не себеп болды? Сізбен тетелес буын жайлы орын мен жоғары лауазым қуатыны жасырын емес. Сізде мұндай таңдау болмады ма?
– Әрине, әркімнің таңдауы, өмірлік мақсаты әрқилы. Алға қойған арман-мақсатым туған жеріммен байланысты. Елге қызмет етіп, халыққа пайда тигізгім келді. Оның үстіне қолда бардың қадірін білген жөн. Ауыл маңындағы ырысты жерді игеруге септесу – перзенттік борышым.
Маман болып қалыптасуыма «Шаған жер» мекемесінің қосқан үлесі көп. 2015 жылы мектеп бітіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Аграрлық техника және технологиялар» мамандығы бойынша білім алдым. Нағыз ауыл шаруашылығына керекті кәсіпті меңгерген соң аталған мекемеде еңбек жолымды бастап, туған ауылым – Шағанда білімімді кәдеге асырудамын. Шаруашылықта механизатор болсам, күзде комбайн жүргіземін. Ал көктем басталысымен трактор рөліне отырып, жер жырту жұмысына қатысамын.
– «Шаған жер» ауыл халқын жұмыспен қамтуда қаншалықты қолдау білдіруде?
– Шаруашылықта 4 жылдан бері еңбек етіп, жауапкершілік жүгін сезіндім. Егін егу немесе жинау маусымында жүктелген міндетті толығымен орындауға барымды салып келемін. Осы орайда «Шаған Жер» ЖШС директоры Жеңісбек Сыздықовтың мекемені ілгерілету бағытында жасаған қадамына тоқталғым келеді. Жастарды ауылға жұмысқа тарту, жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жүйелі жұмыс істеуде. Мысалы, биыл 11 адамды Қызылорда қаласындағы И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжге оқуға түсірді. Оның ішінде агроном, механизатор, веттехник сияқты мамандықтарға баса мән берілген. Шаруашылықтағы қызметкерлерін де қосымша оқыту жоспарда бар. Істің алға басуы білікті басшыдан екені анық.
– Жастардың ауылдан үдере көшу үрдісі бар. Ауылда жұмыс жоқ деген ұғым қаншалықты шындық?
– Жастарсыз ауыл көркеймейді. Әрбіріміз туған жерді қадірлеп, халыққа қамқор бола білуіміз керек. Қазір барлық мүмкіндік жасалған. Кәсіпкерлік мақсатта жер алуға, жеңілдетілген несиеге қол жеткізуге болады. Тіпті қайтарымсыз гранттың басым дені ауылдық жердегі кәсіпкерлерге беріледі.
Сонымен қатар ауылда жұмыс көзі жетерлік. Мемлекеттік мекеме немесе жеке шаруашылықтарда қызмет етуге жол ашық. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып «Шаған жер» мекемесіне жұмысқа орналастым. Туған жер, өскен өңірде қызмет ету – бақыт.
Сұхбаттасқан Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!