Алтын күз келді. «Балапанды күзде санаймыз» деген халқымыз алты ай жазды артқа тастап, қыстың қамын жасауға кіріскен. Десек те таяуда ғана маусымды жапқан «Жасыл ел» қандай тірлік атқарды? Бұрын-соңды өзіне тән формасымен көшелерде көп көрінетін жасылелдіктер бүгінде неге байқалмайды? Маусымның жүгін арқалаған мақаламызда бұл мәселеге де тоқталатын боламыз.
Өңірде «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру үшін облыс әкімінің қолдауымен биыл бюджеттен 151 млн теңге қаражат қарастырылған. Бүйірі томпайған бюджеттің бұл қаржысына биылғы маусым шеңберінде 1 871 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, оның 15 проценті жұмыссыз жастар, яғни, 280 адам. Ад 85 проценті оқушылар мен студенттерден құралған. Олардың жалпы саны – 1 591 адам.
– «Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың бірі десем, қате емес. Жалпыұлттық жоба аясында барлық өңірлерде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары құрылды. Бұл қозғалыс жастарымызды еңбекке баулып қана қоймай, қазір ортақ идеялар төңірегінде топтастыруда. Еңбек жасағының маңыздылығы – жастарды қазіргі өндірістік қатынастарға бейімдеуде, олардың бастамалары мен өз бетінше еңбек ету дағдыларын, ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеттерін, рухани-адамгершілік мұраттарын дамыту болып табылады. Жасақтарды іріктеу кезінде біз халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға өздерін көрсетуге, демалыс кезеңінде қосымша табыс табуына назар аударып келеміз. Жастарды еңбекке баулуға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға үлес қосқан облыс көлеміндегі барлық мекемелерге алғыс білдіреміз, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.

Айта кетейік, жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған осы қозғалыс қатарында жыл сайын 2000-ға жуық жас еңбек етуде. Биыл жасылелдіктермен облыс көлемінде орналасқан 118 мәдени-демалыс орындарында, оның ішінде аллея, сквер, алаңдар мен парктерде көгалдандыру, тал егу жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 50 гектардан астам аумақты қоқыстан тазалау шаралары атқарылды. Былтырдан бастап Байқоңыр қаласының жастары да «Жасыл ел» жобасына қатыса бастады. Жыл сайын 150 қала жасы маусымдық жұмыспен қамтылып, белгіленген еңбекақысы өтелуде. Дей тұрғанмен, бұрындары арнайы формасымен көшеде көзге бірден түсетін жасылелдіктерді қазір байқай бермейміз. Шынында олар қайда, не істеп жүр деген сұрақ көкейде тұратыны жасырын емес. Бұл бағытта биыл аталған жобаны жүзеге асыруды мойнына алған «Самғау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Камаловпен әңгімелескен едік.
– Әрине, бұрын «Жасыл елді» бірден байқайсыздар. Өйткені, ол кезде арнайы формасы болатын. Қазіргі техникалық ерекшелікте форма жоқ. Біз бұл мәселемен бірнеше мәрте сауал тастадық. Екі жылдан бері форма талапқа кірмей тұр. Ал техникалық ерекшелікте болмаған нәрсеге қаражат қаралмайды. Сіз қазір жасылелдіктер неге көрінбейді деп алаңдамасаңыз да болады. Қала орталығында, алаңдар мен демалыс орындарында еңбек етіп жүрген жастардың дені – жасылелдіктер. Олардың еңбегі – адал, – дейді Ғалымжан Камалов.
Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты еңбекке баулу болса, оның арғы жағында тұрмысы төмен, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына қол ұшын беру шарасы да тұр. Бүгінде жасылелдіктер ең төменгі айлық жалақы көрсеткішіне сай 70 мың теңге еңбекақы алады.
– Жастардың қызығушылығы жоғары. Оған бірнеше себепті мысалға келтіріп айтуға болады. Бірі айлық жалақысына қызығады, енді бірі бос уақытын тиімді пайдаланады. Табыс тауып, отбасына көмектеседі. Қалай дегенмен де, олардың жасақ қатарына енуінің артында жақсы нәрсе тұрады. Біз мұндай бағыттағы іс-шаралармен жастарды дұрыс жолға бағыттаймыз, – дейді Ғ.Камалов.
Бұрындары ауыл балалары үш ай каникулын егіс басында қамыс орып өткізетін. Оның бір ерекшелігі – ала жаздай орған қамысын күз таяғанда сатып, пұл қылады. Ал тапқан ақшасына мектепке барар су жаңа киім мен басқа да қажеттіліктер алатын. Әрине, бұғанасы қатпай жатып, еңбектің дәмін татқан әр бала есейгенде де жауапкершілік жүгін сезінетіні анық. Бұл ретте, облыс орталығындағы жастар үшін «Жасыл елдің» қажеттілігі зор болып тұр.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!