Назкен Абдуллаева, әлеуметтік қызметкер:

Бүгінде халықпен етене байланысып, қоғамның осал тобындағы азаматтарға қамқорлық көрсететін мамандар ескерусіз қалуда. Олардың кәсіби жетістігі, қызметіндегі көрсеткіші елене бермейді. Тіпті, көпшілігі аталған мамандардың жұмысының жай-жапсарын түсінбей, сын айтуға құмар. Осы орайда әлеуметтік қызметкерлер күні қарсаңында сала маманы Назкен Абдуллаевамен сұқбаттасып, толғандырған сауалға жауап алудың сәті түсті.

Назкен Истайқызы, сауалымызды мамандық маңызынан бастасақ. Көбісі әлеуметтік қызметкердің немен айналысатынын, қандай қызмет көрсететінін түсіне бермейді. Бірі әлеуметтік қамсыздандыру қызметкері деп ұқса, екіншісі ерекше балалармен жұмыс істейтін маман деп түйеді. Нақтысы қандай?
– Сала мамандары азаматтарға көмек көрсетумен айналысады. Ең басты ерекшелігі де осында. Әлеуметтік қызметкерлер 5 санаттағы азаматтарға көмек көрсетеді. Ол біріншіден психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға, тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға, психоневрологиялық ауруы бар 18 жастан асқан мүгедектерге, жалғызбасты қарттарға және I, II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға тағайындалады. Әлеуметтік қызметкерлердің міндеттері мен жұмыс тәртібі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрінің 165 бұйырығымен бекітілген.
– Әлеуметтік қызметкер қандай санаттағы тұрғынға тағайындалатынын түсіндік. Ал сіздердің тараптарыңыздан ол азаматтарға қандай қызмет көрсетіледі?
– Әлеуметтік қызметкер қызмет алушыға 8 түрлі қызмет көрсетеді. Әлеуметтік- мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік – психологиялық сынды қызметтер. Мәселен, психологиялық – әлеуметтік қызмет бойынша балалар бөлімшесінде ауыр диагнозбен қызмет алады. Сол балалардың ата-анасымен мамандар жұмыс істейді. Баласы науқас болғандықтан күйзеліске түсетіндер бар. Соларды көтеру үшін күш салады. Балаларын шомылдыруға, киімін ауыстыруға көмектеседі. Бір қызмет алушыға екі сағаттан, аптасына екі рет қызмет көрсетеді.
Арнайы маманға мұқтаж адам қандай тәртіппен көмек ала алады?
– Жылда медициналық-әлеуметтік сараптамадан өткенде жеке оңалту бағдарламасы әзірленеді. Сол құжатта кей азаматтың үй жағдайында әлеуметтік қызметкерге мұқтаж екені көрсетілуі шарт. Соған сәйкес, қаулы шығарылады. Кейін жергілікті атқарушы орган көмекке мұқтаж азаматқа жәрдемдесетін әлеуметтік қызметкерді нақтылайды. Жалпы, әлеуметтік қызметкер – материалдық, заңнамалық және білім алу тұрғысында кеңес беретін маман. Яғни, жауапты отбасыға жәрдем беруші.
Азаматтармен жұмыс кезінде мониторинг жүргізу тиімді екені білеміз. Саладағы тәжірибеңіз жеткілікті. Осы орайда өзіңіз қызмет ететін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөліміне халық қандай мәселемен жүгінеді?
– Әрине, атқаратын негізгі қызметімізге сәйкес, азаматтардың басым бөлігі атаулы әлеуметтік көмек алу және жұмыс мәселесі бойынша келеді. Қажетті кеңес пен нұсқау беріп, талапқа сай азаматтардың тиісті көмек алуына барынша мүмкіндік жасаймыз.
Әлеуметтік көмек алу үшін алаяқтыққа баратындар кездеседі. Уақытша некеге тұру, жалған анықтама әзірлеу, құйтырқы әрекетке бару… Осындай жағдайда азаматтарды қандай жауапкершілік күтеді?
– Орынды сауал. Кез келген қоғамда заңға қайшы әрекет ететін азаматтар болатыны анық. Өмірлік жағдайға байланысты немесе жеке пайдасы үшін түрлі қулық-айланы жасайды. Біздің салалда да мұндай азаматтар жоқ емес. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тілге тиек еткенін білеміз.
Алайда атаулы әлеуметтік көмек алу процесі қатаң бақылауда. Комиссия мүшелері де алаяқтық фактілерінің орын алмауын мұқият тексереді. Сондықтан қандай да бір азамат тарапынан заңсыздық байқалса, мекеме мамандары комиссия мүшелерінің қорытындысы арқылы әлеуметтік көмек беруден бас тартады.
Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!