Егін науқаны қызу жүріп жатыр. Бұл жұмыстың бейнетін басында жүрген адам ғана жақсы түсінеді. Жасыратыны жоқ, егін егуге жастар жағы көп бара бермейді. Себебі ол төзім мен шыдамды қатты қажет етеді. Оның үстіне Қызылорданың аптап ыстығына төтеп берудің өзі оңай емес. Сондай-ақ жер жырту, арықтау, дақыл себу, арам шөп жұлу бар. Өнім піскен соң оны үлгертіп алу өз алдына. Ал жастар мұны жете түсінген. Жақында әлеуметтік желіден диқаншылыққа бір табан жақын жалағаштық жастарды байқадық.

– Жыл басында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан бойынша азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында картоп, бақша дақылдарын орналастыруға шаруашылықтардың демеушілігімен жаңадан 435 гектар жер дайындалған болатын. Қазіргі таңда 412,5 гектар жерге өнім егілді. Бұл жерлерде 869 адам егінмен айналысуда. Мұның игілігін аудан жастары да көруде, – дейді Жалағаш аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Нұржан Амандық.
Жаңадария ауданының тумасы Нартай, Мақпалкөл ауылында тұратын Айдар есімді жігіттер қазіргі таңда шаруашылық басында таң атырып, кеш батырып жүр. Көзін аша сала тырма мен кетпенді серік етеді. Көбінесе егістік жақта байланыс ұстамайды. Бұл жігіттер де байланыс аясынан үнемі тыс жерде жүреді. Есесіне уақыт босқа өтпейді.
– Егін егу оңай емес. Бізден қаншама күш кетті. Бәріне қолды бір сілтеп, тастап кетіп қалғымыз келді. Дегенмен ата-анамыздың сенімін ақтау керек. Міне, бүгінде біршама ауыр жұмысты артта қалдыр­дық. Осыншама еңбекпен келген өнімді үлгертеміз деген ойдамын. Шаруа­шылық жұмысы бір-екі адамға өнбейді. Оны басы-қасында жүрген адам жақсы түсінеді. Сондықтан бізге көмектесетін, қолғабыс ететін адамдар жетерлік. Қара қауын, сары қауын, әміре, әңгелек, қарбыз, сәбіз, қызылша, асқабақ ектік. Өнімдерді ауданға, кейде облысқа жөнелтеміз, – дейді Нартай Пірманов.
Қазір егін пісіп жатыр. Қанша қауынның ішінен «осы пісті» деп таңдап алудағы сезім бөлек диқаншы үшін. Ал еңбекпен келген өнімді сүйсініп жеудің өзі ерекше сезім екені сөзсіз. Оған ата-ананның «баламның еңбегі» деген мақтау сөзін қосыңыз!


Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!