Ақылдың ажар-көркін білім деп бағалаймыз. Өйткені сананың сәулеленіп, ой-өрістің дамуы үшін оқудың маңызы зор. Білім жолында үйренуді, ізденуді тоқтатпаған жанның бағындырар белесі биік болмақ. Мұндайда қағида мен ұстанымның берік болғаны да керек.
Себебі «сен тұр, мен атайын» деген кіл мықтының арасынан сауатымен суырылып шығып, ақылымен білім алаңында топ жару оңай емес. Табандылық пен тапқырлық тоғысып, ұтқырлық пен ұшқыр ой үйлескенде діттеген мұратқа жетуге болады. Дамуда бөгелмейтін Ақжайық Тәжі де арман-мақсатына елеулі еңбектің, білімнің арқасында жетіп келеді.
Жерлесіміз Бакуде өткен халықаралық жобада жүлдеге ие болды. I Халықаралық зерттеушілер байқауына Қазақстан және өзге де шет ел мемлекеттерінен 120-ға жуық жас ғалымдар қатысқан. Байқау 3 кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы кезеңде 72 сағатта ғылыми мақалаларды дайындау туралы вебинарға қатысса, келесі кезеңде Алматы қаласы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дан ішкі рецензент, ҚР ЖОО-дан рецензент, шетелдік рецензент қатысуымен үздік ғылыми жобаға сараптау жүргізілді. Үшінші кезеңде – Баку қаласы, Khazar University және Әзірбайжан мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында өткен «Шығыс-Батыс: Бедел мен әлеуеті» ғылыми басылым редакторларының Бірінші Еуразиялық халықаралық форумында байқаудың жеңімпаздары анықталды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Ақжайық Тәжі үш кезеңнен де сүрінбей, финалда ІІІ-орынды иемденді. Оның ғылыми еңбегі халықаралық деңгейде «Eurasian Scientific and Methodological Journal “East-West”» басылымына жарияланады және арнайы дипломмен марапатталды. Әлемдік деңгейде именбестен білім-білігін сынаған Ақжайықтың ғылыми жетекшісі-педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шарбан Майгелдиева.
– Жалпы байқаудың талабы өте жоғары болды. Себебі жоба Гарвард стилінде болуы міндетті еді. Әрі ағылшын тілінде өткізілді. Ағылшын тілін жетік меңгерген жас ғалымдар оның ішінде магистранттар мен докторанттар қатысты. Ғылыми жобаны даярлауға 4 ай көлемінде уақыт кетті. Яғни, ерекше қажеттілігі бар балалардың мінез-құлқының оңтайлы деңгейін қамтамасыз ету стратегиялық бағдарламасы жасалды. Негізі жобаны жүзеге асырмас бұрын тәжірибе жүргізіп, тақырыпты да солай таңдау керек. Эксперименттік тәжірибем «Асыл мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы және N6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп интернатында өтті. Алдағы уақытта тек Қызылорда қаласында емес, басқа өңірлерге тәжірибе жасап, дамыту ойымда бар, – деді Ақжайық.
Таңдаған саласына тез бейімделіп, мамандығының қыр-сырын меңгеруге ұмтылу жетістікке жетелейтіні сөзсіз. Төрт жылдағы білімі бәсекеде басып озуға сеп болып, жобасы үздіктердің қатарына ілігуі қуанарлық жайт, жағымды жаңалық. Педагогика-психологияның әдіс-тәсілін үйреніп, жіті зерттегені еңбекте енжар еместігін дәлелдеді. Сондықтан балаларға бағытталған бастамасы жемісін беретіні анық.
– Менің ең бірінші мамандығым – емдеу ісі. Бұрын медициналық колледжде білім алдым және медицина саласына жақындығы бар психология саласын таңдадым. Алдағы уақытта медициналық мекемелерге педагог-психолог болып жұмысқа тұру жоспарымда бар.
Медицина саласында тәжірибеде жүрген кезде көп нәрсе түйдім. Мәселен, адамдарға ең бірінші медициналық емнен бұрын психологиялық қолдау аса қатты қажет екенін түсіндім. Яғни қолдау көрсетіп, мотивация беру және оның ішкі күйін түсіне біліп, бағыт-бағдар беру маңызды. Ауырып жатқан науқасқа жылы жүзбен қарап, алдағы өміріне талпынысын жоймау үшін күш-жігер беру оларға үлкен қуаныш сыйлайды екен, – деді ол.
Тіршіліктің тірегі білім мен денсаулық десек, әсіресе бала жанының сау болғаны маңызды. Тәжірибе негізінде жоба жасап, ғылыми жаңалығын көпке ұсыну мамандығының мақсатын айқындай түсті. Әрі Ақжайық болашақ маман ретіндегі парызын парасатпен түсіне білгені көңілге қуаныш ұялатты.
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!