Актер Джордж Клуни мен актриса Джулия Робертс ұзақ жылдар бойы достығымен, «ғашықтар» кейпіндегі образдарымен талай рет қызыл кілемнің көркіне айналды. 2000-шы жылдардың басында «Oушеннің он бір досы» фильмін түсіру кезінде танысқан екеуін жанкүйерлер мен журналистер романтикалық қарым-қатынаста деп болжам жасаса, актриса мен актер бір-бірімен әзілдесу арқылы бұл ойды ойынмен жалғастырып жүр. Джордж бен Джулияның «Екеумізді бірге елестетші», «Дәл қазір соның уақыты», «Mamma Mia» сынды бірлескен жобалардан кейінгі төртінші жұмысы – он күн бұрын жарыққа шыққан «Жұмаққа билет» кинотуындысы.
Ұлыбританиялық режиссер Ол Паркердің «Жұмаққа билетінің» жанры – романтикалық комедия. Басты рөлге Джордж Клуни, Джулия Робертс, Билли Лурд, Кейтлин Дивер, Максим Бутье сынды карьерасын қалыптастырып үлгерген әртістік құрам таңдалған болса, кино арқылы Бали аралының көз тоймайтын көрікті табиғатына тамсануға мүмкіндік бар.
Сонымен сюжетке тоқталайық. Дэвид (Джордж Клуни) мен Джорджия (Джулия Робертс) осыдан 25 жылдай уақыт бұрын шаңырақ құрып, бірге бақытты өмір сүрген әдемі жұптың бірі. Екеуінің махаббатының нәтижесінде қызы Лили (Кейтлин Дивер) дүниеге келеді. Бірақ бес жылдық некеден кейін тұрмыстың құрсауына қамалған тәтті махаббат кезеңі бітіп, ерлі-зайыптының арасында бір-біріне деген өшпенділік, түсініспеушілік пен кек қана қалады. Ешкім ажырасамын деп отбасын құрмайды. Осылайша күтпеген кезде ортақ шешімге келу арқылы Дэвид пен Джорджияның жолы екіге бөлінеді.
Ажырасқаннан кейін арада 19 жыл уақыт өткенде олар жалғыз қызының заңгер ретінде жоғары оқу орнынан дипломын алу кешінде қайта жолығады. Сондай-ақ ескі ерлі-зайыпты қызы мен оның құрбысы Ринді (Билли Лурд) Бали аралына саяхаттауға шығарып салуы тиіс. Махаббат – ешқандай анықтамамен сипаттауға келмейтін құбылыс. Оның қашан, қайда, қалай басталары белгісіз. Балиға қыдырып кеткен Лили сондағы жергілікті жігітке ғашық боп қалады. Тіпті, оған тұрмысқа шығуға да дайын еді.
Мән-жайды ұғынған Дэвид пен Джорджия қызының өзге ұлттың жігітімен шаңырақ құруына жол бермеу үшін Балиге шұғыл түрде бірге ұшып барады. Жолда бірге жоспар құра бастайды. Ерлі-зайыпты қызының тұрмысқа шығуына неге қарсы деп ойлайсыз? Себебі олар Лили әке-шешесінің жұбайлық өмірін, махаббат тарихын қайталауы мүмкін деп қорыққан еді. Үйленудің маңызды шешім екенін білетін «ерлі-зайыпты» қос ғашық бір-бірін дұрыс танымай, кейін ажырасып не жолы екіге бөлініп кетпеуі үшін қызына ой салғысы келеді.
«Жұмаққа билет» алғашқы секундтарынан-ақ немен бітетіні белгілі болғанмен, жарқын әсерімен баурайтын туынды. Автор бұл туындымен жаңалық ашып, сенсация тудыруды көздемегені айқын. Ол күнделікті өмірде, айналамызда туындайтын көз көрген, құлақ естіген отбасылық құндылықтарға қайта назар аудартады. Фильмнің басты артықшылығы – Клуни мен Робертстің актерлік дуэті. Жас шамасы қарайлас қос әртіс егде тарта бастаса да, оларға еріксіз сүйсіне қараймыз. Әрі фильмнің композициялық бөліктерінде олардың өзіне ғана әртістік қуаты сезіледі.
Бірақ кинодағы басқа кейіпкерлерден жаңалық күтудің қажеті жоқ. Ақылды қыз, көңілді құрбы, шетелдік идеал жігіт, аңғал кавалер – барлығы таныс кейіпкер. Басқа кейіпкерлердің барлығы да Дэвид пен Джорджияның ерлі-зайыпты ретіндегі образын дамытып, өзге қырынан аша түсу үшін қажет болған сияқты. Балидің эстетикасы да осыған бағытталған. Улы жыланның шағуы немесе мұхитта дельфиндермен жүзу секілді таныс кадрлар жеткілікті. Бұл – ондаған өзге фильмдерде кездесетін таныс кадрлар. Мұндай сәттерді Клуни мен Робертстің сүйкімділігі, актерлық шеберлігі одан сайын тартымды етеді.
«Жаңа романтикалық комедияны ағылшын тілінде көрудің сәті түсті. Фильм мен ойлағаннан да позитивті екенін жасырмаймын, жалғыз өзім көрсем де, отбасылық атмоcфера сыйлай білді.
Голливудтық Джордж Клуни мен Джулия Робертс актерлық шеберлігімен тәнті етпей қоймайды, әрине. Бір жарым сағаттан аса созылған фильмнің қалай аяқталғанын білмей қалдым. Бұл – киноның өзіне сендіре алуында, басқа әлемге апара алуында шығар. «Хэппи эндпен» аяқталатын фильм басынан аяғына дейін жағымды әсер береді. Көрермен ретінде 10 балдан 10-ға бағалаймын», – дейді көрермендер.
Автор фильм арқылы не айтқысы келеді? Кинода терең пәлсапаға толы мағына жоқ. Тақырып пен идеяның қабысар тұсы – жұмақ пен отбасылық құндылықтардың ортақ болуында. Қызының қателескенін қаламайтын ата-ана жоқ. «Отбасы барда, біздің жоғалтудан қорқатын нәрсеміз бар» деген даналық осы киноның жасырын ұраны іспетті.
А.МӘДЕЛХАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!