Облыстық жастар ресурстық орталығында 2 күндік бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Мақсат – жастарды жұмыспен қамту. Жәрмеңкенің ерекшелігі – жергілікті өңірдің жұмыс берушісі ғана емес, Ақтау, Атырау қалаларынан кон­салтингтік компанияларынан өкілдер келіп, өз жұмысын ұсы­нуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Мукеев мәлімдеді.

Жастардың ең өзекті мәселесі – жұмыспен қамту. Бүгінде жұмыс­сыздық деңгейі 4,2 пайызды құрап отыр.

«Жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету және NEET сана­тындағы жастармен жұмыс жүйеленіп келеді. Орталық жанынан бос жұмыс орындарының ақпараттық базасын қалыптастыру мақсатында жұмысын бастаған әлеуметтік желілердегі «@Jastargajumys11» парақшасы арқылы 1000-ға жуық қызылордалық нақты ақпаратпен қамтамасыз етілді. «Жас еңбек құрылысшылар жасағы» аясында 90 жас тұрақты және маусымдық жұмыстарға орналасты», – дейді Азамат Ырысдәулетұлы.

Жастардың әлеуметтік санаттарын анықтау үшін адрестік жұмыс­тар да жүргізілуде. Осыған орай, жергілікті 63 624 жастың 15 491-імен бетпе-бет ақпарат алмасу процесі жүргізіліп, қала жастарына қатысты ақпараттық база жасақталды. Ал, аудандардағы жастардың әлеуметтік санаттарын анықтау мақсатындағы мониторингтік топтар­дың жұмысы шілде айының соңына дейін жалғасады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!