Теледидарды қосып едім. Ойынның 63-ші минуты жүріп жатты. Доп бір қақпадан екінші қақпаға зулап барады. Комментатордың «қазір гол салады! Міне! Міне!» деген сөзі жанкүйерді одан сайын қызықтырды…

Мен журналистика мамандығын таңдадым. Әсіресе, спортшылар жетістігінің жаршысы, саладағы мәселені де орынды көтеретін журналист болғым келеді. Анығында спорт комментаторы болуды қалаймын. Кішкентайымнан футбол ойындарына қызығып, тек көру аз екенін, оны халыққа жеткізу үлкен өнер екенін түсіндім. Футбол – жанкүйерге қуаныш пен қайғыны қатар сыйлайтын ғажайып спорт. «Жанкүйер – жанды рух» дейді халық. Ал сол рухты тірілтетін – комментатор. Оның сөзі қысқа да нұсқа, анық та әсерлі болуы керек. Әр сөйлемінде сезім, әр сөзінде шындық жатуы шарт. Қазақстанда спорт журналистикасы дамып келеді. Ермұхаммед Мәулен мен Ерсін Ерік сияқты танымал комментаторлар кәсібилігімен үлгі болып жүр. Олардың эмоцияға толы сөзі мен еңбекқорлығы маған шабыт береді. Қазақстанның жас ойыншылары жеңіске жеткенде, сол қуанышты халықпен бөлісу – арманым. Комментатор – жай ғана хабаршы емес, ол ойын мен жанкүйерді жалғайтын эмоцияға толы көпір. Оның міндеті – жанкүйерге сезім сыйлау, ойынның рухын жеткізу. Сондықтан менің арманым – халыққа шынайы ақпарат тарату.

Доп зуылдап қақпаға дәл түсті. Көрермендер орнынан атып тұрып, «Го-о-ол!» деп шулай жөнелді. Комментаторлар да, ойынның ең қызықты сәтін әсерлі жеткізуде. Барлығы қуанып, бір-бірін құшақтап жатыр. Стадиондағы осы бір көпшіліктің қуанышы мені ерекше әсерге бөледі. «Қайтсем де, осы алаңға спорт комментатор болып ораламын» деп армандап үйге қарай қайттым.

Абылай ЖАҢАБЕРГЕН,

 Ақселеу Сейдімбек атындағы

№54 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы,

Астана қаласы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!